ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КАРДИОХИРУРГТАР КОНГРЕСІ ӨТТІ

Шымкентте өткен халықаралық кардиохирургтар конгресі – ел медицинасындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. «Инновациялар, технологиялар және әлемдік тәжірибе: кардиохирургияның болашағы біздің қолымызда» тақырыбымен өткен бұл жиын Шымкент жүрек орталығының 25 жылдығына арналды. Ауқымды шараға Қазақстаннан бөлек, ТМД елдері мен алыс шетелдерден жетекші мамандар жиналып, заманауи кардиохирургияның даму бағытын талқылады.
Конгреске қатысқан Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жүрек орталығының ширек ғасырдағы еңбегіне тоқталып, медицина саласының дамуына қолдау білдіретінін айтты. Қала басшысы дәрігерлердің тәжірибесі мен ғылыми ізденістерін сапалы әрі қолжетімді медицинаның басты негізі ретінде атап өтті. Оның пікірінше, Шымкент жүрек орталығының жетістігі – тек қала үшін емес, бүкіл Қазақстан үшін мақтаныш. Маңызды басқосуда нақты нәтижелер де болды. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Шымкент жүрек орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім өңірдегі ғылыми зерттеулерді жаңа деңгейге көтеріп, отандық кардиология ғылымының халықаралық кеңістікке шығуына жол ашады. Сондай-ақ, Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен «Кардиологиялық перспективалық зерттеулер» орталығы ашылды. Академик Юрий Пя бастамашы болған бұл жаңа құрылым – елімізде алғаш рет іске қосылған ғылыми платформа. Оның міндеті – жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мен емдеудің жаңа әдістерін әзірлеу. Жаңа орталықтың жұмысы пәнаралық тәсілге сүйенеді. Яғни, медицина тек клиникалық тұрғыдан ғана емес, экология, урбанистика, психология және цифрлық технологиялармен ұштасып зерттеледі. Мұндай модель жүрек ауруларының себептерін кешенді қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтқан «Ұлт денсаулығы – тұрақты дамудың негізі» деген стратегиялық ойымен үндес. Елбасы ауруды тек емдеумен шектелмей, ғылым мен технологияға сүйене отырып алдын алу қажеттігін атап өткен еді.
Конгрестің ғылыми бағдарламасы да мазмұнды болды. Аз инвазивті және роботтық-ассистентті операциялар, 3D модельдеу және навигациялық жүйелерді қолдану тәжірибесі кеңінен талқыланды. Бұл технологиялар қазіргі кардиохирургияның болашағын айқындайтын басты бағыттардың бірі екені сөзсіз. Сонымен қатар, жас мамандарды даярлау, халықаралық әріптестікті дамыту және ғылыми идеялармен алмасу мәселелері күн тәртібіне қойылды. Конгрестің мәртебесін оның қатысушылары айқындады. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев, академик Юрий Пя, белгілі медицина маманы Елжан Біртанов, сондай-ақ Шымкент жүрек орталығының басқарма төрағасы Дархан Сүйгенбаев секілді тұлғалар бұл жиынның ғылыми-тәжірибелік маңызын арттырды. Жүрек орталығының 25 жылдық тарихы – ел медицинасының даму жолындағы маңызды кезең. Осы уақыт ішінде мекеме мыңдаған адамның өмірін сақтап қалып, жаңа технологияларды енгізудің алдыңғы қатарында болды. Бүгінгі конгресс сол тәжірибені халықаралық деңгейде таныстырып қана қоймай, алдағы онжылдықтарға жаңа міндеттерді айқындады. Шымкенттегі халықаралық кардиохирургтар конгресі медицина ғылымын дамытуға серпін берген, өңірдің ғылыми әлеуетін күшейткен және халыққа көрсетілетін кардиологиялық көмектің сапасын арттыруға жол ашқан маңызды қадам ретінде тарихта қалатыны сөзсіз.