СОТ ТӨРЕЛІГІНІҢ ӘДІЛЕТТІЛІГІ — БАСШЫҒА БАЙЛАНЫСТЫ
Сот билігі Қазақстан Республикасының біртұтас мемлекеттік билікке бөліну доктринасына негізделген демократиялық құқықтық мемлекеттілікті қалыптастыруға ұмтылысын білдіретін саяси және құқықтық феномен болып табылады. Нақ осы сот билігінің өтпелі кезең жағдайындағы түп тамырымен саяси, экономикалық және әлеуметтік қайта құрулар жылдарында өзінің мемлекеттік қызметін тұрақты жүзеге асырған мемлекеттік биліктің жалғыз тармағы болғанын атап өту қажет. Егер Қазақстан Республикасы жас мемлекеттілігінің құрылуы жылдары жоғары заң шығарушы және атқарушы орган ретінде Жоғары Кеңестің өкілеттігі екі рет қысқарса және Үкіметтің құрылымы мен құрамы он реттен артық елеулі түрде өзгертілсе, онда елдегі сот билігін дамытудың ең қолайлы жолдарын айқындаған сот реформасының арқасында сот билігінің құрамы ондай маңызды өзгертулерге ұшыраған жоқ. Cот билігі – бұл мемлекеттік биліктің негізгі тармақтарының бірі болып табылады. Оның мәртебесі, қазіргі кездегі қоғамның саяси және әлеуметтік жүйесіндегі орны мен ролі ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын мәдениетті азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру міндеттерімен айқындалады.
«Би төрт нәрсенің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік». Айтылған ойдың астарлы мағынасынан биікті бағындырып, аққа жаршы болған судьяның тағдыры қандай болуы керектігін ұғуға болады. Жалпы, бүгінгі таңда өркениетті елдерде қалыптасқан өлшемдер негізінде таразыласақ, сот төрелігінің әділдігі және оның жедел әрі толық орындалуы кез келген елдің кемел болмысының көрінісі болып табылады. Ал, оны жүзеге асыратын басты тұлға – судья. Сондықтан, әділдіктің айнымас жолында тер төккен қазыларымыз судья әдебінің нормаларын қатаң ұстануға міндетті.
Дана халқымыз «Билік айту – оңай, біліп айту – қиын» деп бекер айтпаса керек. Ендеше, ақиқат жолымен жүру, әділ қазылық ету – әрбір судьяның басты парызы. Қазы – халықтың ожданы. Демек, судьяның адамгершілік және моральдық-әдептік бейнесінен мемлекетіміздің мәртебесі айқындалады деп айтсақ артық болмас. Судья әдебінің кодексі кәсіби-әдеп өлшемдерінің жиынтығы ретінде сот төрелігін жүзеге асыруда және соттан тыс қызметтегі мінез-құлықтың судья үшін міндетті қағидаларын белгілеп отырады. Жергілікті басылымдардың бірінен Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Кәрімұлы Шәріповтің «Соттың шешімі, үкімі, кесімі болғаннан кейін міндетті түрде бір тарап разы, екінші тарап наразы болады. Заңдылық пен әділдік деген екі ұғым бар. Конституция мен қолданыстардағы заңдарға сәйкес соттың шығарған шешімдері заңды болу керек. Егер де біз заңдылықты басты принцип ретінде ұстайтын болсақ, кейбір кезде әділдік нормалары да бұзылып қалуы мүмкін. Әділдік пен заңдылық бірдей болуы мүмкін емес. Мың жерден әділетсіз жағдай деп қарасақ та заң оған мүмкіндік бермейді, кейбір кезде. «Мына шешімдерің әділетсіз ғой» дегендерге біз «заңды» деп айтамыз, заң талабы осындай»,- деп ой түйгенін оқып қалғаным бар еді. Расында қазылық етуде екі жаққа бірдей әділ көріне алмайтының ақиқат.
2012 жылдың наурыз айында «маң қыстаудан»«оң қыстауға» несібесі жетектеп келген Нұрсерік Кәрімұлының іскерлігі осында тағы бір шыңдалды десек, артық айтпаған болар едік. Қарапайым отбасыдан шығып, қарабайы р қызметтерде тәжірибе жинақтаған азаматты талғамы мен өзіне қойған талабы алдамағанын түсіндік. «Қызметтемін» деп құлқынын ойламады, «басшымын» деп басқалардың берекесін алған жоқ. Кейбір пенделер секілді дақпыртты даңқпен шатастырмады. Ісін білді, көшін ілгерілетті. Абыройға қызмет етті.
Есептерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың алты айында Оңтүстік Қазақстан облысында пара алып ұсталып, сотты болған жемқорларға салынған айыппұл мөлшері 121 миллион 455 мың теңгені құрапты. Оның 92 миллион 245 мыңы өндірілген.»Мұның барлығы мемлекеттік бюджетке түседі. Қылмыс істедің бе, 60-70 еселенген айыппұл санкциясы енгізіледі. Төледің — бостандықтасың. Төлемесең бас бостандығыңнан айырыласың. Облыста жазаның бұл түрінің орындалуы өте жоғары», — депті, жорналшылармен ой бөліскен Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов. Нәтижесінде алты айда атқарылған істердің қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының соттары елімізде 7 орынға тұрақтапты. Бір қуанарлығы— басқару системасында «бармақ басты, көз қыстылыққа» қарсы салынған «система» оң нәтижесін бере бастағаны қуантады.
Деректерге көз жүгіртсек, облыстық сотында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 11 қадамының орындалуы және сот жүйесінің түбегейлі жаңғыртылған жаңа моделі құрылып, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау аясы кеңейтілген. Осының өзі ел болашағын айқындаған «Ұлт Жоспарын» орындауға деген нақты қадам болса керек.
—Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың басынан соттар үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшті. Бұл бірінші және апелляциялық сот сатыларының рөлін айтарлықтай күшейтіп, облыс соттары жұмысының тиімділігін арттыруға өз септігін тигізуде. Жоғарғы Сот жанынан Сот төрелігі академиясы құрылды. Прокурорлардың азаматтық істер бойынша сотқа қатысуы заңнамалық тұрғыда қысқартылып, тергеу судьяларының құзыреті кеңейтілді. Сонымен қатар, судьялардың жаңа Әдеп кодексінің жобасы әзірленіп, ол Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің отырысында мақұлданды және оған Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы сарапшылары оң қорытынды берді. Жаңа Әдеп кодексі ағымдағы жылдың қазан айында өтетін судьялардың VII съезінде қабылданады деп күтілуде», — дейді сот төрағасы.
Жоғарғы Сот төрағасының өкімімен соттардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл тұжырымдамасы қабылданғаны белгілі. «Осы тұжырымдаманы іске асыру үшін журналистердің кәсіби бірлестіктерімен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп сот жүйесінің ақпараттық ашықтығын жақсартуға байланысты іс-шаралар өткізуді қамтамасыз етуіміз керек. Мамыр айынан осы жұмыстарға кірісіп отырмыз». Бұл Нұрсерік Кәрімұлының облыстық соттағы қолға алынған тың бастамалар туралы пікірі.
Рас, соттар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге орай бүгінде облыстық сотта атқарылған іс-шаралар көп. Мысалы, өткен жылдың өзінде ғана облыс соттарында 33 сот залы аудио және бейнетіркеу жүйесімен жабдықталыпты. Ал бүгінгі күндерге дейін олардың саны 66-ға жеткен. Осының өзі азаматтардың конституциялық құқықтарының қаншалықты биік екендігін көрсетсе керек. Нәтижесінде «Сот кабинеті» электронды іс жүргізу сервисі сотқа жүгінушілермен өзара іс-қимылды жеңілдеткен, бұл сервис бойынша талап арыздарды, апелляциялық, кассациялық шағымдарды, өтініш-хаттарды сотқа электрондық нұсқада беруге қол жеткізіліпті. Сонымен қатар, «Сот құжаттарымен танысу» сервисінің арқасында азаматтардың сот істеріне қатысты мәліметтерге қол жеткізуі жеңілдетілген. Бұл бойынша азаматтар электронды сот құжаттарын қарай алады, оларды сотқа бармай-ақ алуына болады. Ал бұл қызмет түрі осы күндерге дейін облысымызда 212 мыңнан астам рет қолданылған.
Расын айту керек, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотын осыған дейін бірнеше азамат басқарып кетті. Алайда, сот ғимараты үшін бюджеттен қаржы бөлдіртіп, оны елге ыңғайлы жерге орналастыру, қалаға керемет көрік беретін ғимарат салдыртуды олардың ешқайсысы қолға алған жоқ. Жергілікті билікке, халық қалаулыларына, қоғамдық ұйымдарға ұсыныс жасай отырып, ғимарат айналасындағы скверлерді, демалыс орындарын халықтың мүддесі мен сауығуы үшін пайдалануға өз септігін тигізді.
Қазақтың алғашқы Конституциясы— «Жеті Жарғыны» жинақтап, Ұлы дала төсінің өзіне тән Заңын өмірге әкелген Қазақ Хандының 550 жылдығы аясында Нұрсерік Кәрімұлы бастаған облысымыздың қырықтан астам судьялары киелі аймақтарға велошеру ұйымдастырды. Салауатты өмір салтын ұстанудың адам денсаулығы үшін пайдасы молдығын, үнемі ой мен санаға салмақ салатын жұмыстан сергудің бірден-бір амалы ретінде әріптестерін әуесқой велошабандоздыққа шақырып, тың бастамаларды көтере білді. Тарихи орындарға тағзым етіп, жастарға үлгі-өнеге көрсетуде.
«Өткенін ойламаған келешектен үміт күтпейді» дегендей, бабалар жолын осылайша насихаттаған облыстық сот жыл сайын жетім балалардың басын қосып, демеушіліктерін жасап тұрады. «Бір жетімнің басын сипасаң, жеті пейіштің есігі ашық» дейді дана халқымыз. Бір сәтке де болса жұмысбастылықтан бой сергітіп, қоғамдық жұмыстарға да бел шеше кірісіп кететін Нұрсерік Кәрімұлының шынайы бет-бейнесінің бір қырын осылай танимыз. Мұндайда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демеуші ме едік?! Бүгінгі тіршілік осылай жүріп жатыр, ертеңіміз баянды болғай…
Ө.МЕЛДЕХАНОВ,
Шымкент қаласының Құрметті азаматы,
«Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы,
ОҚО мәслихатының депутаты,
мемлекеттік құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы,
ОҚО Қоғамдық Кеңесінің төрағасы.