5 меморандумға қол қойылды

Оңтүстік Қазақстан облысы мен Түркия Республикасының бизнесмендері енді кәсіпкерлік саласында түрлі жобаларды бірлесе атқарып, жүзеге асыратын болады. Бұл туралы бүгінгі Қазақстан-Түркия инвестициялық форумында екі жақты ынтымақтастықты арттыру аясында түзілген 5 меморандумға қол қою рәсімінде белгілі болғанын хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Нақтырақ айтқанда, форум аясында ынтымақтастықты нығайту мақсатында Түркияның «Ostim» индустриалды аймағы мен «Оңтүстік» индустриалды аймақтарының басқарушы компаниясы арасында, Түркиядағы Сакария қаласының Сауда-Өнеркәсіп палатасы мен ОҚО Кәсіпкерлік палатасы және «Шымкент ӘКК» ҰҚ» АҚ арасында, сонымен бірге, Түркияның «Volkan Ambalaj» компаниясы мен «Оңтүстік» АЭА» Басқарушы компаниясы арасында және Анталия правинциясының денсаулық сақтау басқармасы мен ОҚО денсаулық сақтау басқармасы арасында меморандумдар түзілді.

Бұл құжаттар алдағы уақытта қазақ-түрік биснесмендерінің кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін ілгерілетіп, Түркиядағы индустриалды аймақтардың жұмыс тәжірибесімен бөлісуге, тиісінше, біздегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының ерекшеліктерімен түрік кәсіпкерлерін таныстыруға мүмкіндік береді.

Екі жақты қол қою шарасынан кейін облыс әкімі Ж.Түймебаев келісімге келген түркиялық 5 компанияның жетекшілерімен арнайы кездесіп, алдағы бағыт-бағдарды айқындады.

Жалпы, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстандағы түркиялық фирмалар мен компаниялардың саны 30-ға жетіп отыр. Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың жоғары дәрежеде дамып отырғанын көрсетеді. Мұнан бөлек, соңғы 3 жылда түркиялық әріптестермен құны 33,7 миллион АҚШ долларын құрайтын 4 жоба іске қосылған. Сондай-ақ, жалпы сомасы 2,7 млрд. АҚШ долларын құрайтын 18 жобаның 6-уы түркиялық кәсіпкерлердің қатысуымен іске асырылуда.