ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАРҒА ТАЛАП КҮШЕЙТІЛЕДІ

Оңтүстік Қазақстан облысында заңды жер қойнауын пайдаланушылардың бюджетке төлеген салықтары мен әлеуметтік жарналарына қайта талдау жүргізілмек. Облыс әкімдігінің кезекті отырысында аймақ басшысы Ж.Түймебаев жауапты сала басшыларына осындай міндет қойды.

Өңірдегі 175 жер қойнауын пайдаланушылардың 70-нің өз мақсатында пайдалану үшін тиісті құжаттары жоқ екенін айтқан әкім мұнымен қоймай олар ауыл шаруашылығы жерлерін қазып жатыр деді.

«Карьер иелері 2015-2016 жылдары жер қойнауын пайдаланғаны үшін бар болғаны   109 млн. теңге төлеген. Бұл құм, тас тасыған ауыр жүк көліктері бұзған жолдардың жөндеу шығынын өтемейді. Нақты жер қойнауын пайдаланушылардың заңды және заңсыз іс-әрекеттерінен мемлекетке келтірілген шығынды талдауды сала басшыларына жүктеймін»,-деді аймақ басшысы.

Облыста жер қойнауын пайдалану саласын мемлекеттік реттеу жұмыстарының барысы туралы баяндаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Отаршиев  қолданыстағы заңнамаға сәйкес, пайдалы қазбалар көмірсутек шикізаты, қатты пайдалы қазбалар және кең таралған пайдалы қазбалар болып негізгі 3 түрге бөлінетінін айтты.

Оның айтуынша, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге арналған 168 келісімшарт және автомобиль жолдарының құрылысына пайдалану үшін кең таралған пайдалы қазбаларды игеруге 7 рұқсат тіркелген. Ал, орталық атқарушы орган тарапынан берілген құқықтар негізінде, қатты пайдалы қазбаларды игеруге облыс аумағында  27 келісімшарт  және   1 келісімшарт табиғи газды барлау бойынша тіркелген.

Жиынды қорытындылаған әкім облыста заңсыз жер қойнауын пайдалануды тоқтату бойынша атқарылып отырған жұмыстарды қайта зерттеп, саралап нақты ұсыныс енгізуді. Сонымен қатар, заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға тосқауыл қою және заңды жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін реттеу бойынша құзырлы органдармен бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуді жауапты сала жетекшілеріне жүктеді.

http://ontustik.gov.kz

 

ПІКІР ЖАЗУ