ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЦИФРЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда сала мамандары мен бастауыш ұйымдардың өкілдері еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Жиын аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мәжіліс залында ұйымдастырылып, күн тәртібіндегі бірнеше маңызды тақырыптар жан-жақты талқыланды.

Бірінші мәселе ретінде қала кәсіпорындары мен мекемелерінде жалақы бойынша берешектің алдын алу және өндірістік жарақаттануды төмендету бағытында атқарылған жұмыстар қаралды. Орталық төрағасы Бауыржан Алтеев соңғы жылдары жүргізілген бақылаулар мен алдын алу шараларының нәтижесінде өндірістегі жазатайым оқиғалардың азайғанын атап өтті. Сондай-ақ ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша Шымкентте жалақы қарызының тіркелмегені айтылды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс қаладағы еңбек қатынастарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр. Отырыстың келесі бөлімінде 2020–2025 жылдар аралығында кәсіподақтар жүйесінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы ұсынылды. Баяндамашылар осы кезеңде іске асқан әлеуметтік-еңбек жобалары, қызметкерлердің құқықтарын қорғау тетіктері және еңбек ұжымдарымен жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар салалық ұйымдар тарапынан бес жылдық жұмысты қамтитын слайдтық материалдарға толықтырулар енгізу мүмкіндігінің бар екені айтылды. Кеңесте қаралған маңызды мәселелердің бірі – кәсіподақ қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізу болды. Е.Қаңлыбаевтың айтуынша, қазіргі заманда құжат айналымын жеңілдету, аналитикалық жұмыстарды жылдамдату және ақпараттық қолдауды тиімді ұйымдастыру үшін ЖИ құралдарын пайдалану қажет. Бұл бастама кәсіподақ жүйесінің жұмысын жаңғыртып, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ цифрлық трансформацияға бейімделу ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны атап өтілді.

Жиында бастауыш кәсіподақ ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша семинар-кеңестер өткізу жөнінде де сөз болды. Бұл бағыттағы оқыту жұмыстарын күшейту, тәжірибелі мамандарды тарту және республикалық федерациядан арнайы лектор шақыру ұсынылды. Семинарға қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстау жоспарланып отыр. Сонымен бірге Тәуелсіздік күні қарсаңында еңбек қауіпсіздігі саласында белсенділік танытқан кәсіподақ мүшелерін мақтау грамоталарымен марапаттау бастамасы қолдау тапты. Отырыстың қорытындысында барлық бағыт бойынша нақты тапсырмалар беріліп, алдағы кезеңге арналған жаңа жоспарлар бекітілді. Шымкент кәсіподақтарының бұл жиыны еңбек қауіпсіздігін арттыру, өндірістік құқықтарды қорғау және кәсіподақ қызметін жаңғырту бағытында маңызды қадамдардың жасалғанын көрсетті.