САХА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖУРНАЛИСТЕРІ ТҮРКІСТАНҒА САЯХАТТАП КЕЛДІ

153
0

Түркістан облысына түркі әлеміне ортақ құндылықтарды насихаттау, медиа қауымдастықтардың еларалық байланысын нығайту мақсатында Ресей Федерациясының құрамындағы Саха (Якутия) Республикасынан бір топ журналистер саяхаттап келді, деп хабарлайды uakit.kz облыстың Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қонақтар ең алдымен Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесіне бет алып, қасиетті жермен анысып, ХІІІ ғасырдың ерекше археологиялық ескерткіші Отырар қалашығына табан тіреді. Тарихи орындардың тылсымына қанығып, киелі мекендерге қызығушылығы артқан олар Түркістан қаласына келіп, ЮНЕСКО тізіміне енгізілген Қ.А.Ясауи кесенесіне тәу етті.

Содан кейін шетелдік меймандар Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың оқу базасымен танысып, университеттің мәжіліс залында шетелдік жас талапкер студенттермен кездесті. Жиында Түркі әлеміне ортақ тарихи, рухани құндылықтар жайлы, медиа қауымдастықтардың еларалық байланысын нығайту мәселелері жөнінде салиқалы сұхбаттар жүргізіліп, құнды пікірлер айтылды.

Саха (Якутия) Республикасындағы БАҚ саласының майталман мамандары, ардагер журналистерінен құралған саяхатшы топ Түркістанға сапардың жоғары деңгейде өткенін айтып, облыс әкімдігіне ризашылықтарын білдірді. Өз сөздерінде меймандар бұл өңірдің туризмі мен рухани-мәдени саласы халықаралық деңгейде дамитытына сенімді екендіктерін жеткізді.

uakit.kz