ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ САЛАЛАРҒА СЕРПІН БЕРЕДІ

Түркістан облысында алғаш рет тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды теміржол вокзалдарын жаңғырту жобасы іске асқалы отыр. Бұл бастама — көлік инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жетілдірумен қатар, тарихи сәулет нысандарын сақтау бағытындағы маңызды қадам. Аталған жоба — өңірдің көлік логистикасын жаңғыртып қана қоймай, оны экономикалық және туристік орталыққа айналдырудың алғышарты болмақ.
Жобалық бастамаға «Түркістан», «Манкент», «Түлкібас», «Сарыағаш», «Темір» және «Арыс-2» теміржол вокзалдары енгізіліп отыр. Бұл вокзалдардың басым бөлігі өткен ғасырдың ортасында салынған тарихи ғимараттар. Жөндеу емес, толық реконструкциялау жұмыстары қолға алынуда. Яғни, тек сыртқы қабатын сырлап, ішкі әрлеумен шектелмейді — ғимараттар жаңадан бой көтеріп, құрылымдық тұрғыда толықтай жаңартылмақ.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл вокзалдарды «ғасырлық тарихи нысандар» деп атап, олардың архитектуралық бірегейлігін сақтай отырып жаңарту қажет екенін ескертті. Бұл талап жобаның тек инфрақұрылымдық емес, мәдени-тарихи құндылыққа ие екенін көрсетеді. Әкімнің аудан, қала әкімдеріне құжаттандыруды 10 күн ішінде аяқтауды тапсырғаны — жұмыстың қарқынмен жүзеге асырылатынын айғақтайды.
Қазіргі таңда вокзалдарды жаңартуға жауапты компаниялар анықталған. Олар — «Түлкібас», «Арыс-2», «Манкент» вокзалдарын – «Kanfar Building» ЖШС, «Сарыағаш» және «Темір» вокзалдарын – «BOLD Construction Group» ЖШС, «Түркістан» вокзалы – тарихи мәртебесіне орай «Казреставрация» РМК қарамағында. Осылайша, тарихи жәдігер мәртебесі бар нысандарға ғылыми-реставрациялық бақылау жүргізу – елдегі мәдени мұраны сақтауға деген жауапкершілікті көрсетеді.
Бұл жобаның жүзеге асуы бірнеше салаға оң әсер етуі мүмкін. Көлік қатынасының сапасы артады. Заманауи вокзалдар жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда кей вокзалдар уақытша ғимараттарға көшіріліп, демонтаж басталып кеткен. Аймақтық даму жеделдейді. Жаңартылған вокзалдар ауыл-аймақтың экономикалық белсенділігін арттырып, жұмыс орындарын ашуға сеп болады. Туризм саласына серпін береді. Түркістан қаласы – рухани орталық. Мұндағы көлік инфрақұрылымының жаңаруы ішкі және сыртқы туризм ағынын көбейтеді. Мәдени мұраны сақтауға ықпал етеді. Вокзалдардың тарихи архитектурасын сақтай отырып жаңарту — отандық реставрациялық тәжірибені жетілдіреді әрі ұлттық бірегейлікке қызмет етеді. Теміржол вокзалдарын жаңғырту — инфрақұрылым саласындағы кезекті жоба ғана емес, аймақтың әлеуметтік, мәдени және экономикалық болашағына әсер ететін кешенді шешім. Мұндай бастамалар, бір жағынан, тарихи жауапкершілік болса, екінші жағынан – өңірлік даму мен ел ішіндегі көлік қатынасының сапасын көтерудің нақты қадамы. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы – тек Түркістан облысы үшін емес, жалпы Қазақстан үшін үлгі бола алады.