КҮНГЕЙЛІК ШАРУАЛАР МАҚТА ЕГУ НАУҚАНЫНА ЖАППАЙ КІРІСІП КЕТТІ
Мақтааралдық шаруалар мамыр айынан бастап мақта егу науқанына жаппай кірісіп кетті, деп хабарлайды uakit.kz Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл аудандағы шаруалар 35 мың гектар жерге ақ алтын шитін себеді деп күтілуде. Ол үшін 1 мың тоннаға жуық тұқымдық шит дайындалып, сортына қарай 230-350 теңге аралығында сатылуда. Сонымен қатар, Түркия мен Қытайдан да тұқымдық шит тасымалдануда.
Көктемгі дала жұмыстарына 954 ауыл шаруашылығы тракторлары, 415 чизель, 3876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникалары қатысуда. Биыл шаруаларға көмек беру мақсатында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Ырыс» микро қаржы ұйымы арқылы жылдық 6 пайызбен 293 млн. теңгеден аса несие берілген.
Айта кетейік, өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 42 млрд. теңгеге жеткен болатын. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 32,2 млрд. теңге, мал шаруашылығы 9,6 млрд. теңге, ауылшаруашылық қызметі 278 млн. теңгені құраған.
Өткен жылы ауданда 38 мыңнан аса гектар жерге мақта дақылы егіліп, аудан бойынша 96 511 тонна «ақ алтын» қамбаға жиналды. Орташа өнімділік 25 центнерге жетіп, мақташылар жылды толағай табыспен аяқтаған-тын.
uakit.kz