ТАТАРСТАНДЫҚ КОМПАНИЯ КҮНГЕЙДІҢ КӨКӨНІСІ МЕН ЖЕМІСІН ТОННАЛАП АЛУДЫ КӨЗДЕП ОТЫР

157
0

Татарстандық кәсіпкерлер Түркістан облысының шаруалары өндірген өнімдерге қызығушылық танытып, алдағы уақытта олармен іскерлік байланыс орнатуды мақсат етіп отыр. Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Осыған орай өңірімізге «Magnit» және «X5 Retail Group» сияқты бөлшек сауда желілеріне жемістер мен көкөністерді жеткізумен айналысатын  «Mariana-Region» ЖШС көтерме-бөлшек сауда компаниясының басшысы Минатулла Хусейнұлы жұмыс сапарымен келді. Аталған компанияның жылдық тауар айналымы 1 миллиард рубльден асады.

Айына 500-600 мың тонна көкөніс сатып алуды жоспарлап отырған казандық компания өкілдері Түркістан облысының шаруаларымен іскерлік байланыс орнату арқылы Ресей Федерациясына көкөністер тасымалдау аясын кеңейтуді көздеуде екен.

Іс-сапар барысында татарстандық кәсіпкер Минатулла Хусейнұлы өңірдегі бірқатар шаруа қожалықтарын аралап, ондағы жылыжай кешендерімен танысты. Ол бізде өндіріліп жатқан өнімнің түрлері және көлемінің ауқымдылығына деген қызығушылығын жасырмады.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев қонақтармен Ордабасы ауданындағы «Адель» ең ірі жылыжайында іскерлік кездесу өткізді.

Татарстандықтар өңірде халықаралық саудаға өте қолайлы жағдайдың жасалғанын атап өтті. Өз кезегінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары М. Мырзалиев екі жақты тиімді серіктестік орнатуға және облыс әкімдігі тарапынан тиісті шараларды қолға алуға дайын екенін жеткізді. Ол өңірде экологиялық таза өнімдерді көп мөлшерде жеткізуге мүмкіндіктің мол екенін айтты. Одан бөлек, әкімнің орынбасары кәсіпкерлер үшін жұмыс істейтін 24/7 call-орталығы жайында әңгіме өрбітті. Яғни, кәсіпкерлердің бизнесіне кедергі келтіретін кез-келген мәселе осы мекеме арқылы шешіліп отыратыны баса айтылды.

Сондай-ақ, тараптар көкөністердің сапасы мен өнім түрін сақтай отырып, кепілдендірілген көлемді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында ақпарат алмасып отыруға уағдаласты.

 «Mariana-Region» ЖШС басшысы Минатулла Хусейнұлы Түркістан облысымен әріптестік байланыс орнату айтарлықтай оң нәтижелерге жеткізетінін атап өтті.

 uakit.kz