ШАШТЫ ӘЗІЗДІҢ ҚАСИЕТІ
Ысқақ баб жергілікті халыққа мұсылман дінін таратуда насихат жүргізгенімен, оны түсінгісі келмегендер: «Бұл діннің қандай кереметі бар?» деп қырын қарауға көшеді. Сонда ол алпыс түйе сексеуіл үйгізіп, үстіне Құмар бабаның ұлы Баба түкті Шашты Әзізді қолына Құран ұстатып, құбылаға қаратып отырғызып қойыпты. Өртенген шоқтың үстінде Құран оқып отырған баланы көрген дүйім ел жүректерін ұстап, тәубеге келіпті деседі. Кейіннен ол осы Ысқақ бабтың арқасында қажылыққа барады. Ысқақ бабтың мазары мен Баба түкті Шашты Әзіздің қорымының арасы отыз шақырымдай жер.
Қажымұқан қайтыс боларынан он күн (бір деректерде 40 күн) бұрын келіп осы әулиенің басына түнеген деген дерек бар. 1947 жылы Cозақта ауыл адамдарының қолқалауымен «жынды су» ішіп қойып, әулиенің басына барған ол ертесіне күрес кезінде қатты ауырып, көп ұзамай көз жұмыпты. Бұл жөнінде көнекөз қариялар біразға дейін айтып жүрсе керек.
Қазіргі Ташкент, бұрынғы Шаш қаласында білім алған Баба түкті Шашты Әзіз жас күнінде ғылымға құмар болыпты. Кейіннен көз жұмғанында өз жұрты оны қазіргі Құмкент жеріне қалың шеңгелдің арасына жерлепті. Жорыққа аттанар алдында осы Жылыбұлақтан су ішіп кететін Едіге оның ұрпағы. Деректерде оның бесінші атасы саналатын Шашты Әзіздің басына кесенені Едігенің өзі тұрғызған көрінеді. Ол кезде әулиенің өмірден өткеніне 200 жылдай уақыт болған болса, ол шамамен 1400 жылдар.