ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАН КЕДЕН БЕКЕТТЕРІНДЕГІ КӨЛЕҢКЕЛІ ЖӘЙТТЕРГЕ ҚАШАНҒЫ КӨЗ ЖҰМАДЫ?

Сарыағаш ауданындағы «Атамекен», «Қапланбек», «Қазығұрт» пен «Қонысбаев» кеден бекеттерінде заңсыз ақша айырбастау, ретсіз сауда, көші- қон бойынша көлеңкелі жәйттердің болуы мен ретсіз жолаушы тасымалы белең алып барады.  Өкініштісі бұл мәселенің өзегін тарқату өткен жылы құзырлы органға  тапсырылған болатын. Бірақ бұл тапсырмалар әлі күнге дейін орындалмаған.

Шекаралы аудандағы бұл шикілік  туралы Түркістан облысының прокуратурасы жанындағы заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында тарқатылып айтылды. Кеңес отырысы Сарыағаш ауданында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың төрағалығымен өткізілді.

Онда облыс прокурорының орынбасары Артықбек Пашаев баяндама жасады. Оның сөзінше күнгейде алаяқтық, пәтер ұрлығы, тонау, қарақшылық пен есірткі затының заңсыз айналымына байланысты қылмыстар өскен. Прокурор бұл жөніндегі статистикалық мәліметтер құзырлы органдардың қылмыс пен құқық бұзушылықты алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстарының тиімсіз болғандығын айқын аңғартатынын атап өтеді.

Сонымен қатар ол, кеден айналасында қандай заңсыз істердің тыйылмай жатқанын тілге тиек етеді. Былтыр кеден бекеттерінде көші-қон саласы бойынша адамдардың жалған карточкаларды пайдалану дерегі артқан. Шекара қызметі өткен жылы мұндай заңбұзушылықтың 249 фактісін тіркеген.  Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 62-ні құраған.  Бекеттерден өтіп жатқан жүк көліктерінің тексерілуі де  талапқа сай жүргізілмейді.   Салдарынан шекара сызығынан өткен жүк көліктері сыйымдылығы 1000-1500 литрды құрайтын қайта жабдықталған бактарына ел аумағынан жанар-жағармай толтырып кетеді. Бұл жүк көліктеріндегі бактардың зауытта шығарылған нұсқасындағы стандарт көлемінен бірнеше есеге көп.  Өзбекстаннан келетін жүк көліктерінің мұндай қитұрқылыққа баруы, аталған елде жанар-жағармай бағасының Қазақстанмен салыстырғанда 50 теңгеге қымбатқа сатылуы себеп болып табылады. Нәтижесінде науқан кезінде шекаралы аудандағы бекеттерде жанар-жағармай тапшылығы сезіліп, ол даулы мәселеге айналуда.

Қадағалушы орган өкілдері  кеден бекеттерінде валюта айырбастау пункттерінің жұмыс істеуі заң талаптарына сәйкес емес екенін мәлімдеді. Сондай-ақ олар, кеден бекеттері маңында орналасқан автотұрақтардың жағдайы да сын көтермейтінін назарға алады. Жиында жолаушыларды күнделікті тасымалдайтын автобекеттердегі көліктердің техникалық талаптарды қадағаламайтыны да ортаға салынды.

P.S. Қадағалаушы орган таратқан деректерде осы жиын барысында құзырлы орган өкілдеріне қатаң нұсқаулар беріліп, заңсыздықтарды жою қадап айтылғаны мәлімделген. Прокуратура органы таратқан бұл деректерде  кеден бекеті төңірегіндегі заңсыздықтарды жыл бойына батыл түрде жасап келгендерге жол бергендердің кім екенін бағамдау қиын емес. Және де құзырлы орган мен лауазымды тұлғалардың қоғамның емес, қарақан басының қамын күйттегендерге «жылымық» орнатуының астарында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің аңқып тұрғаны анық сезіліп тұр.   Ал онымен күрес жүргізуде ескерту айтып, нұсқаулар беру нәтижелі бола бермейтіні сөзсіз.

«Уақыт» газеті.

Сурет: ашық дереккөз

ПІКІР ЖАЗУ