ЕРІКТІЛІК ЖАС ТАҢДАМАЙДЫ

Шымкентте жасы ең үлкен волонтер 74 жасқа жеткен

Шымкенттегі ресми түрде  ерікті болып тіркелген 3000 азамат бар.  Бірақ ерікті болып, елге қызмет ету үшін ресми тіркелу міндетті емес. Қаламыздың кез келген азаматы тиісті орындарда арнайы тіркеліп немесе тіркелмей де волонтер бола алады. Сонымен қатар ерікті болу тек жас азаматқа тән міндет деп түсіну қате. Ортақ іс пен қайырымды шараларда бойындағы білімі мен білігін, қүш-қуатын, кейбір кезде қаржысын жұмсауға дайын жастар да, жасамыстар да ерікті атана алады. Мәселен, Шымкентте  жасы ең үлкен волонтер 74 жасқа жеткен азамат болып табылады.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз жиынында қалалық отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев мәлімдеді.

Ол 2020 жыл «Еріктілер жылы» аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.  Өз кезегінде Ж.Төлембекұлы:

– «Еріктілер жылы» аясында  Шымкентте волонтерлікті дамыту жол картасы бекітілді. Осы жол картасының негізінде «Біргеміз», «Тәлімгер», «Шымкент – қайырымды қала» және т.б жобалар бойынша жұмыс жүргізілді. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде еріктілер еңбегі орасан болды. Олар құқық қорғау, денсаулық сақтау  саласы  өкілдерімен бірлесіп нәтижелі жұмыстар тындырды. Атап айтқанда, еріктілер COVID-19 вирусының қауіптілігі туралы 8 бейнеролик түсірді. Халыққа індеттен сақтану мен алдын алу туралы түсіндірулер жазылған парақшалар таратты.

Карантин кезінде кәсіпкерлік нысандарының шектеу талаптарын сақтау, санитарлық ережелерді дұрыс орындауын бақылау бағытында полицейлер үлкен жұмыс ауқымымен бетпе бет келді. Осы бағытта оларға түскен жүктемені жеңілдету бойынша 100-ден астам ерікті жұмылдырылды. Соған сәйкес, еріктілер «Жас сақшы» жобасы аясында, санитарлық талаптарды сақтамаған, нысанды уақытында жаппаған кәсіпкерлерді анықтау шараларына қатысты,-деді.

Сонымен қатар ол, жергілікті әкімдік, «Нұр Отан»  партиясы мен демеушілер есебінен ұйымдастырылған шаралар негізінде 12 мыңнан астам аз қамтылған отбасыға азық-түліктерді тарату шарасында  еріктілер атсалысқанын атап өтті.

Бұдан бөлек еріктілер, кауіпсіздік мақсаты үшін қала тұрғындарына үлестірілген 1 млн.-нан астам бетперде мен антисептиктер тарату жұмыстарында да белсенділік  танытқан.

Олар жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйіне дәрі-дәрмек жеткізіп беріп, жәрдем көрсеткен. Ол санаттағы азаматтардың мұндай көмекке мұқтаж болып тұрғаны наурыз айында әкімдік жанынан құрылған бірыңғай байланыс орталығы арқылы анықталған.

Шымкенттік еріктілер мамыр айының басында Мақтааралда болған селдің зардабымен күресу жұмыстары бойынша да белсенділіктерін көрсеткен.

Басқарма басшысы «Еріктілер жылы» аясында атқарылатын жұмыстар «Білім», «Саулық», «Сабақтастық», «Таза Қазақстан», «Асыл мұра», «Қамқор», «Үміт» сынды 7 бағыт бойынша жүрізілетінін айта келе, «Ерікті жұмысына ешқандай ақы төленбейді. Бірақ ортақ іске жұмылған еріктілердің жол ақысы мен тамағына қаржы қаралады»,- деді.

Сондай-ақ, Ж. Қалтаев алдағы айларда 500 еріктінің қоғамдық көліктерде тегін жүретінін мәлімдеді.

uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ