КОНКУРСТАН ҚҰЛАҒАН ҮШЕУ ТӨТЕСIНЕН КЕЛГЕН «ТЕМIРЖОЛШЫ»

239
2

Газетiмiздiң өткен санында «Кiм көрiнгенге қор болған қайран бiлiм бөлiмi» деген шағын мақала жарияланып, онда Арыс қалалық  бiлiм бөлiмi бастығы мiндетiн атқаруға «Темiржолшы» мамандығының иесi Байтанаев Амантай Алтынбекұлының ғайыптан тайып, келiп қалғанын жазғанбыз. Сөйтсек…

Оның бұл орынтаққа келуiне Арыс қаласының әкiмi Қанат Сыдықовтың өзi мүдделi болғанға ұқсайды. Қалалық бiлiм бөлiмi бастығының орны 2011 жылы бiраз уақыт бос тұрды. Осы жылдың қараша айында аталмыш лауазымды орынға конкурс жарияланып, бақтарын сынауға 3 адам қатысады. Үшеуi де осал емес тұғын. Бiрi – бұрыннан қалалық бiлiм бөлiмiнде бастықтың орынбасары болып еңбек етсе, екiншiсi – белгiлi ғалым болатын. Ал үшiншiсi – Шымкент қаласында бiлiм бөлiмiнiң бастығы болған тәжiрибелi маман едi. Конкурсқа төрағалық етуi тиiс Арыс қаласы әкiмiнiң орынбасары не себептi екенi белгiсiз шеттетiлiп, оның орнына қала әкiмi Қанат Сыдықовтың өзi төраға болды. Қызығы да осында, «сен тұр, мен атайын» дейтiндей кiлең мықтылардан тұратын үмiткерлердiң үшеуi де конкурстан өте алмай, Арыс қаласындағы темiр жол колледжiнде директор болып еңбек еткен Амантай Байтанаевтың аты озып шықты. Рас, ол кiсiнiң бiлiмi жоғары. Бiрақ педагогикалық тұрғыда емес. Алматы қаласындағы Темiр жол қатынастары академиясын бiтiрген, мамандығы – «Темiржолшы». Бүгiнгi таңда Оңтүстiк Қазақстан педагогикалық университетiнде «педагог-психолог» мамандығы бойынша бiлiм алуда. Әйтсе де, бұл екiншi қысқартылған мамандық болуы себептi базалық емес екендiгi түсiнiктi.

Тәуелсiз елiмiзге бiлiмдi ұрпақ керек. Ол үшiн осы саланың басында бiлiмдi де, бiлiктi, тәжiрибесi мол, ұрпақ тәрбиесi үшiн жанын ауыртатын адамның отырған жөн емес пе? Бiлiм саласына елбасымыз Н.Назарбаевтың өзi баса назар аударып отырғанда, Арыс қаласының әкiмi Қанат Сыдықовтың бұл тiрлiгi тым түсiнiксiздеу. Оның конкурсқа қатысқан бiлiктi кадрларды «құлатып», әлi педагогтық дипломы да жоқ маманды осындай жауапты қызметке қоюдағы мақсаты не деген сұрақ көкейiмiзден кетпейдi. Оның үстiне, қала әкiмiнiң конкурсқа төрағалық етуiнiң өзi заңсыз емес пе? Неге бекiтiлген төраға тайқып шығып, қазанның құлағын Қанат әкiм ұстады? Осы жерде түсiнiксiздеу тiрлiктердiң көп екенiн көпшiлiк бiлсе де, құзырлы органдардың үндерi шықпағандарына таңымыз бар. Әлде, әкiм болған соң Қанат Сыдықовқа бәрiбiр ме? Онда ертең денсаулықты басқаруға «диқанды», арғы күнi мәдениетке «механизаторды» қойса да үндемеуiмiз керек пе? Ең болмағанда, үлкендерден үмiт күтiп отырған ертеңгi ел болашағы – жастардан ұялсақ қайтедi?!

Қыдыр ҚАЛИЕВ.