Сағынтаевтың Оңтүстіктегі сапары

11Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің  бірінші орынбасары, Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар маңызды нысандардың ахуалымен танысты. Б.Сағынтаевтың сапары кезінде онымен облыс әкімі А.Мырзахметов бірге жүріп, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыс барыстары жөнінде баяндады.
Б.Сағынтаев алғаш 2011 жылы пайдалануға берілген «Көксарай» су реттегішінде болды. Жоспарланған суармалы жерлерді кеңейту бойынша атқарылған жұмыстар және өңірдегі су шаруашылығы жағдайы туралы қаныққан Премьер-министрге облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Оспанов су реттегішінің облыс диқандары мен Қызылорда облысының еңбеккерлері үшін де табысты екендігін айта келе, аймақтағы су тасқынының алдын алуға қосар үлесі молын да жеткізді.
Мұнан соң Түркістанға сапарын жалғастырған Б.Сағынтаев мақта өндірісін жолға қойып, өнім өндіруші «Фараб» ЖШС-інде болды, кәріздік тазарту құрылысының барысымен және шағын тігін фабрикасының өнімдерімен танысты. «Бизнестің жол картасы-2020» аясында құрылған «Оңтүстік» индустриалды аймағын, ондағы «HILL Cjrporation», «SPIRLT Қазақстан» және «Компания Юг Пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жағдайларын көріп, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысы аймағына келді. Жылыжай үшін мырышпен қапталған құбырлар және қосалқы материалдар шығаратын «Zero Max KZ» ЖШС-і және модульдық үйлерді құрастыратын «Ak ordasy buildins» серіктестерінің тыныс-тіршілігіне, атқарып жатқан жұмыстарына қанықты.
Жұмыс сапары аясында Бақытжан Сағынтаев Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына да арнайы ат басын бұрып, ондағы кәсіпкерлерге арналған құжаттарды рәсімдеу және рұхсат беру, жобаларды қаржыландыру, консалтингті оқыту қызметтеріне қанағаттанушылық райын байқатты. Сондай-ақ, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мәжіліс залында өңірдегі кәсіпкерлермен кеңес өткізіп, бизнес қауымдастығын мазалап жүрген көкейкесті мәселелерді талқылауға қатысты.
Осы күні Сағынтаев Оңтүстікке жасаған сапарының қорытындысы бойынша ОҚО активімен кеңес өткізді.

«Уақыт» — ақпарат