Белсенді жастар – ел тірегі

268
0

1Мемлекеттің болашағын бүгінгі  жастарына  қарап бағамдау ежелден бар тәмсіл. Еліміздің  ертеңгі  иелері  саналатын жас өрендеріміз отансүйгіш, белсенді, білімді, бәсекеге  қабілетті  болса, мемлекетіміздің  де  келешегі  кемел деген сөз.  2050 жылға қарай әлемнің  ең дамыған 30 елінің қатарына  кіруді  мақсат еткен Елбасы Жолдауында  да жастарға артылар жауапкершілік жүгі  мол. Осыны  ескерген облыстық жастар саясаты  мәселелері  басқармасы жас өрендердің қоғамдағы  белсенділігін арттыру мақсатында көптеген шараларды  қолға  алуда.  Соның бірі  ретінде басқарманың  тапсырысы аясында «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі  жүзеге  асырып жатқан «Жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру» жобасын айтуға болады.

«Ғаламат» қоғамдық бірлестігі маңызды әрі жауапкершілігі  зор бұл жобаны іске асыруда ауыл жастарына ерекше  басымдық берді. Облысымыздың барлық аудан-қалаларына арнайы барып, онда  түрлі  салада жүрген жастармен кездесулер, жас өрендердің белсенділігін арттыруға  бағытталған семинар-тренингтер өткізді. Осындай шараның  бірі жуырда Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында  ұйымдастырылды. Қоғамдық бірлестіктің  төрайымы Дана Маманова өзімен бірге тәжірибелі  мамандарды  ертіп алған. Гүлжан Мұсабекованы білмейтіндер аз. Әккі психолог. Талай жылдан бері облысымызда мемлекеттік қызметшілердің, педагогтардың белсенділігін арттыру, өмірге, еңбекке деген көзқарасын жақсарту  бағытында  семинар-тренингтер өткізіп жүрген халықаралық тренер. Әлемнің 50-ден астам елінде  болып, тәжірибе  алмасқаны  тағы  бар. Сонымен бірге, екі журналист те  осы топпен сайрамдық жастармен жүздесуге  келген.  Қарабұлақ ауылында  №25 Д. Қонаев атындағы колледжде өткен шараға осы оқу  орнының студенттерімен бірге әр салада жүрген аудан жастары да жиналыпты.  Қарабұлақ ауыл округі  әкімінің  орынбасары Бақтияр Шамуратов пен колледж директоры Ирисмат Исмоилов та  осы жерден табылды. Жиында  алдымен сөз алған «Ғаламат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дана  Маманова жобаның  басты  мақсатына  тоқталып, алда атқарылар шаралар жөнінде  айтты.
Жалпы, жыл соңына  дейін жалғасатын жоба аясында алдымен облысымыздың  барлық аудан, қалаларындағы жастардың  арасында  семинар-тренинг өткізіледі. Сонымен қатар, аудан орталықтарындағы көшелерге жастарды  патриоттыққа  шақыратын билбордтар ілінеді. Сонымен бірге жастардың  жалпы жағдайын анықтауға арналған әлеуметтік сауалнамалар жүргізіліп, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне  жолданбақ. ҚР «Мемлееттік жастар саясаты  туралы» Заңы, Жастар саясаты  тұжырымдамасы және Елбасы Жолдауының тікелей жастарға  бағытталған тұстары енгізілген арнайы кітапша  шығарылып,  таратылатын болады. Жобаның  салмақты  тұсы, облысымыздағы  200-ге  жуық белсенді  жастардың  басын қосатын «Жастар Отанға!» атты үш күндік саяси лагерді  ұйымдастыру. Жастардың  ең өзекті  деген мәселелері  ортаға  салынып, шешу жолдары  қаралатын бұл лагерге облыс басшысы және республикалық «Жас Отан» жастар қанатының жетекшілері қатысады  деп күтілуде. Лагерге  негізінен аудан-қалаларда жоба аясында ұйымдастырылған семинар-тренингте белсенділігімен көзге  түскен жастар шақырылады.  Дана  Абдамитқызы осы тұсқа  ерекше  тоқталып, сайрамдық жастарды  белсенді  болуға  шақырды.
Ауыл әкімінің  орынбасары Бақтияр Шамуратов халық санының көптігімен ерекшеленетін Қарабұлақта 7 мыңға  жуық жастар бар екенін айтады. Негізінен шаруаға  бейім өзбек ағайындар  тұратын мұнда жұмыссыздық мәселесі жоқ деуге болады. Жұмыс сұрап, әкімдіктің  есігін қағатындар мұнда  кездеспейді. Халықтың  4-5 пайызы бюджеттік салада  жұмыс істесе, қалғаны ешкімнен көмек сұрамай-ақ, өз шаруаларын өздері  дөңгелетіп жүргендер.  Әр үйде мал бордақыланады. Қазақстанның  тең жартысына  жуығын етпен қамтитын да  осы ауыл. Күніне  40 тоннадай ет шығарады. Көктем шығысымен көкөніс егіп, өнімін еліміздің  солтүстік облыстарына  жөнелтеді. Өнімді  бүлдірмей, діттеген жеріне  жеткізетін жүк көліктерінің иелері  де  осы қарабұлақтық жігіттер. Сүт өнімдерін өндіретін зауыттарға  да шикізат жеткізетін осы аядай ауыл. Ауыл әкімдігі  қазір шаруалар өнімін өңдеп, сатуды ойластырып отыр.
— Мәселен, біз сатқан картоптар өңделіп, өзімізге  екі есе бағасымен сатылып жатыр. Неге  осы көкөністер мен етті ауылда-ақ өңдеп сатпасқа. Бұл біріншіден жұмыс көзі, екіншіден шаруалардың  табысын еселейді. Бірақ бұл үшін жаңа технологияның  тілін білетін мамандар керек. Қазір  жастарға  осыны  түсіндіріп, техникалық бағытта  білім алуды  үгіттеп жатырмыз, -дейді ауыл әкімінің  орынбасары.
«Ғаламат» қоғамдық бірлестігінің  атынан келген психолог Гүлжан Мұсабекова тренинг өткізу  барысында қарабұлақтық жастардың белсенділігіне  таң қалды. Елімізде  болып жатқан жаңалықтардың  қай-қайсысынан да  хабардар. 16-17 жастағы  колледж оқушылары қойылған кез-келген сұраққа  мүдірмей жауап береді. Командалық жүйеде  ұйымшылдықпен жұмыс істей алатынын көрсетті. Бірінің  білмегенін бірі  толықтырып, семинар-тренингті  қыздырып жіберді.  Тәжірибелі тренер жастарды  төрт топқа бөліп, біріншісіне Қазақстанның, екіншісіне облыстың, үшіншісіне Сайрам ауданының, төртіншісіне өздері  білім алып жатқан колледждің мақтан ететін тұстарын топтап айтуды  тапсырды. Мұндағы   мақсат, жастардың  патриоттық сезімін көтеру еді. Бұл сынақта да  жастар сүрінбеді. Өз отанының  мақтан ететін жетістіктері көп екен.
Жиын соңында қатысушыларға «Ауыл жастарын қандай мәселелер толғандырады?» деген сауал қойылды. Өзге  аудандарда жастар  тұрғын үй, жұмыссыздық, жеңілдетілген несие секілді  мәселелерді жиі алға тартатындығына  құлағымыз үйреніп кеткен ғой. Бірақ, қарабұлақтық жастар бір-ақ мәселені  айтты. Ауылымызға  табиғи газ жеткізілсе деген тілектері бар. Сонда  шағын кәсібімізді  ашып, ауылымызды  одан әрі  гүлдендіре  түсер едік, — дейді олар.
Сөйтіп, «Ғаламат» қоғамдық бірлестігінің  мүшелері аядай ауыл жастарының  еңбекқорлығымен қатар, білімділігіне  де  риза  болып қайтты.

Мәулен ТАЛҒАТҰЛЫ.