ИГІЛІК БАСТАУЫ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ!

 

Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Аллаға тән. Бүкіл әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаңғыруға бастаған мақалада жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тасталды.

Рухани жаңғыру ұсынысы арқылы Елбасымыз еліміздің тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын айқындап берді.

Шын мәнінде, рухани жаңғыру мәселесі негізінде көптің ойында жүрген мәселе еді десек қателеспеспіз. Бұл мәселе мүйізі қарағайдай ғалымдар мен өзге де зиялы қауым өкілдерінің тарапынан әр кез айтылып жүретін.  Уақыт ағымына сай Елбасы тарапынан дер кезінде көтеріліп, жұртшылыққа ұсынылды.

Осы орайда, рухани жаңғыруды дін мәселесінен еш бөліп қарастыра алмаймыз. Дін мен руханият – өзара егіз ұғым десек қателеспеспіз. Елімізге тәуелсіздікпен бірге енген діни сенім бостандығы арқылы күрделі бетбұрыс жасалды, өлгеніміз тірілмесе де өшкеніміз қайта жанды, Аллаға шүкір!

Қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты еліміздегі мешіттердің саны 2500-ден асса, оның 800-ден астамы оңтүстік өңірінің еншісінде. Бұл еліміздің діни, рухани салаларында өзіндік орны бар Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс жүргізетін дәстүрлі дін қызметкерлері үшін үлкен жауапкершілікті көрсететін мәселе.

Сонымен қатар, елімізде бүгінде 1 жоғары діни оқу орны мен 9 медресе-колледж ашылып жұмыс жүргізіп жатса, сол медреселердің екеуі Оңтүстік Қазақстанда орналасқан («Шымкент», «Сарыағаш» медресе-колледждері). Аталмыш оқу орындары жыл сайын еліміздегі діни кадрларды дайындауға ерекше үлес қосып келеді.

Бұл мәселелердің өз кезегінде Елбасы мақаласында айтылған рухани жаңғыру жайына қосып жүрген үлестері ерекше. Сауатты ұрпақты дайындау арқылы көптеген келеңсіздіктерге тосқауыл қоятындығымыз белгілі. Мұның өз кезегінде түрлі деструктивті діни ағымдардың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстарға ерекше қолдау екені анық. Осы орайда, бауырлас түрік елінің уаһабтық-сәләфилік ағымның іс-әрекетіне лайықты білім мен біліктілікті қарсы қою арқылы тосқауыл қойғандығын айта кеткен жөн. Алла қаласа, біздің елімізде де түрлі кереғар діни ағымдардың іс-әрекеттеріне толық тосқауыл қойылатындығы, ал оған тек діни білімді арттыру арқылы ғана толыққанды қол жеткізілетіндігі анық деп білеміз.

Ұлы Абай: «Дүниенің көрінген сырын да, көрінбеген сырын да қатар игерген адам толық адам болады», — дейді. Қазіргі кездегі көптеген капиталистік мемлекеттер дүниенің көрінген сырын тезірек игеріп, байыған үстіне байып бара жатқанымен руханият мәселесін ұмытып кетуі себепті рухани әрі қаржылық дағдарысқа тап болып отыр. Міне, біз жан-жақты  ұғып, біліп алуға қажетті мәселелер осында жатыр. Рухани құндылыққа қол жеткізбей жеткен жетістікті жетістік деп айтуға бола ма?

Дана бабаларымыз: «Үш қасиетің: дініңді, діліңді, тіліңді сақта!»  деген. Осынау қасиетті де қастерлі ұғымдар әруақытта біздердің жадымыздан шықпауы керек. Бұл құндылықтар күнделікті түрде бізбен бірге болуы тиіс. Сонда ғана біздердің адасып, жаза баспасымыз анық.

Руханиятты жаңғырту мәселелері біздердің елімізді, жерімізді, Отанымызды сүюімізбен, оларға деген ерекше сүйіспеншілігімізбен астаса түсуі керек. Аллаға шүкір, елімізде қасиетті мекендер, ерекше орындар жетерлік. Солардың қатарында өзге өңірлерді айтпағанда, тек оңтүстік өлкесінде орналасқан, бүгінде рухани астана аталып жүрген Түркістан қаласы мен талай тарихқа куә болған көне Отырар, сырлы Сайрам жерлерін ерекше айта кеткен жөн. Елін, жерін сүйген жанның рухани тұрғыдан толыққанды азамат ретінде жан-жақты қалыптасатындығы белгілі.

Осы көне қалалардың қатарындағы Түркістан қаласының мәні де, маңызы да ерекше. Түркістан —  Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, тарихта үлкен орны бар рухани орталық. Осы Түркістанды рухани жаңғырту арқылы біздердің өзімізді, Қазақ елін қайта жаңғырту мүмкіндігіміздің бар екендігін аңғаруға болады. Түркістан қаласында еліміздегі тағы да бір діни жоғары оқу орны мен медресе –колледжді ашып, жүргізу арқылы көптеген жетістікке қол жеткізуге болар еді. Еліміздің туризм саласына да ерекше сілкініс әкелетін Түркістанды рухани жаңғырту арқылы Елбасы айтып отырған мәселеге толыққанды қол жеткізуге болар еді деп санаймыз.

Рухани жаңғыру – кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы іспетті дүние. Бұл әсіресе біздің қазіргі қоғамға, соның ішінде жастар өкілдеріне аса қажетті дүние болып отыр.

Рухани жаңғыру – бұл ең алдымен өз-өзіңмен күресу, өзіңді ұлттық, рухтық тұрғыда тәрбиелеу, өзіңді дұрыстыққа, ізгілікке бағыттау. Сондықтан рухани жаңғыруды әркім өзінен бастауы керек.

Жалпы алғанда, рухани жаңғыру мәселесі кім-кімге болмасын, көптеген міндеттерді жүктейді. Еліміздің әрбір азаматы рухани жаңғыру мәселесіне өзін елінің шын жанашыры ретінде келсе, көптеген оңды жетістікке қол жеткізілер еді.

«Ел болам десең бесігіңді түзе», — дейді дана халқымыз. Әрбіріміз үшін елдік, ұлттық мүдделер – ең басты қажеттіліктер болып табылуы керек. Сонда ғана біздер рухани бай әрі қуатты елге айнала аламыз. Елбасының біздерге қойып отырған талап-тілегі де осы. Осынау істің үдесінен шыға білу – әрбіріміз үшін сын. Баршамыз осы ойдың төңірегіне топтаса білсек адаспасымыз анық.

Инша Алла, тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы Иеміз баршамызды құрбан айттан құрбан айтқа аман-есен жақсылықпен жеткізе берсін деп тілейміз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әмин!

 

Ахметжан қажы Керімбек,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

ОҚО бойынша өкіл имамы