Діндер үндестігі керек

555
0

Қай дәуірде болмасын дін — мұсылман жүрегі. «Адамзат маймылдан жаратылды» деп, ата тарихымызды жаулаған Чарльз Дарвинге сенген емес. Оның ішінде, Алланың жалғыз Құранына байланып, одан бағын тайдырмай, тағдырына ұластырған қазақ елі дін асылын жүрекпен түсінген. Себебі, дархан жүрекке ештеңе кедергі емес. Мұсылманға өмір заңы Құранда, үкімі шариғатта. Ал «Расында сендердің әр-біріңнiң ана iшiнде жаратылуларың (алдымен) қырық күн су күйінде, сосын осынша уақыт ұйыған қан күйінде, сосын (тағы да) сонша уақыт бір кесек ет күйінде болады. Сосын оған бір періште жіберілiп жан үрлеп кіргізеді…» деген Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды дәуірдің теңдессіз ұлылары мен данышпандары «Ғибратты адам, әрі тарих жетекшісі» ретінде мойындап, Аллаға және Оның дініне құштарлық танытуда. Содан да болар, «Игіліктің басы иман, дініміздің басы ихсан» деп, медет еткен  мұсылман елдеріне алмағайып заманның өкілдері оң көздерімен қарайтын болды.

Бейбітшілік – бірлік, ынтымақ – ырыс, татулық – тыныштық, түсінік пен келісім деген Жаратқанның даусыз құндылықтары ислам қасиетінде болғандықтан, әлемдік өркениет пен оның саналы саясаты да үнсіз бас изеуде. Яғни дінімізден нәр алған ұлтымыз пен халқымыздың ғасырланған дәстүрі мен жүзделген салтына, жүрген жолымыз бен мәдениетімізге, салиқалы саясаттағы елімізге қызғана қарамаса, қызығатындар көп. Сондықтан, дінімізді өзек еткен өркениет келешегін кепілдендіру үшін, саяси болашағына тіреуіш іздеп, сенімін нығайтатын «Жасампаз сұхбатқа» малдас құрмақ. Бастарында бақ, қолдарында дәулет болғанымен, дағдарысқа тірелген өркениет кеуделерінде жан болған соң, шарықтаған дүниенің бетін кері қайтарып, күйзелісінен рухани көздерін тырнап ашқандай. Сондығынан, байтақ еліміздің еңсесі биік, киелі руханият ордасы «Бейбітшілік және келісім сарайына» қауымын ерткен өркениет саясатшылары мен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары биыл тағы қауышпақ. Олар бүгінде бір – бірінен немесе бізден жатырқамайды. Алланың қалауымен байырғы жеріміздің топырағын осымен төртінші рет баспақ. Бұл жиылыстың көпшілікке берері тек рухани тәлімгерлік, бастысы дінді саясатқа айналдырмау, қайта дін маржандарымен қол алысу, уәделесу.
«Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата, Хауа анадан) жараттық. Сондай – ақ бір – біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шексіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» дейді «Хұжрат» сүресінде Жаратқан Алла. Негізінде, ортақ мекенде бөлінетін де, бөлісетін ештеңе жоқ. Бір – бірімен жарысқандай, өзгені басып озу немесе өзгеден өзгерек не керемет болу деген озбыр саясаттағы өркениеттер ниетсіз жұтаң болса, амалы нешік, арты жақсы болмайды. Ал енді жақсылық ниетте құрылған саясаттың өзегінде діні мен діліне қамқорлық тұрып, адалдық болмаса, арасы шикі не илеуі қатты болады. Сондықтан, дөңгеленген дүниемен ортақтасуға да келісім керек екеніне таң қалуға болмайды. Бұдан «Адам азды ма, заман тозды ма, неліктен?» деген сұрақ туады. Алла тағала өзге жаратылыстарынан әу баста артық қастерлі етіп жаратқан адамзаты бүгінде Оның жерін бөліске салып, ақырында өркениет арасында қабақ шытыс, діндер арасында алакөздік пайда болғаны рас. Мүмкін, бұл өркениеттердің өзіне деген құрметтің азайғаны не болмаса ұлғайғаны. Дегенмен, Аллаға шүкір, ұлы даланың ақ маңдайлы қазақ елі иманымен парасатты. Кімнің де болсын көкірегіне дархан жүрегіміздегі шыдамдылық пен төзімділіктің, ізгілік пен кішіпейілділіктің сәулесін бермек ниеті бар. Еуразияның кіндігіне әртүрлі ұлт пен ұлысты түр – түсіне қарамастан, баурайына  тоғыстырған біздер шаңырағымызды шайқалтпай, көп конвессияның мәдениетін, дінін, ділін, тілін дамытудағы Қазақстан Ассамблеясының өзі арамыздағы бір – бірімізге деген құрметтің ең үлкені. Сондықтан, «Әлемге мамыражай тірлік пен бейбітшілік орнатамыз» деген ғұмырымызға ұлағатты абырой болған «Әлемдік бітімгер» сауапты бастамамызды қорғай білуіміз керек. Діндердің бейбіт тынысы, ұлыстардың үміті. Ұлыстардың ымыра бірлігі халықтардың тұтастығы. Татулық әрқашан отау тіктіртеді. Батыс пен шығыс жаһандық қарым – қатынастың сан түрін ойлап тапса да, біздің бірлігіміз бен татулығымыздың мысы басым. Одан бұрын, төрткүл дүниеге «Біз зайырлы мемлекетпіз» деп, жар салғанымызбен, мұсылмандық сипатымыздан айырылмай, құбыламыздан бұрылмай, игілігіміз иманға қызмет етіп, әлемді өмір сүре білуге шақырудамыз. Қазіргі таңда дағдарыстан жетімсіреген адамзат санасына бабамыздан қалған осы ұлы мирасымыз өте қажет – ақ.
«Сенің дінің өзіңе, менің дінім өзіме» деген Ұлы Жаратушының аятымен бүгінде қай дінді болсын келісімге шақыра аламыз. Негізінде, дін саясат емес, адалдықтың ұрығы. Оның өзіндік заңдылықтары мен қағидалары, бір – бірінен өзгешелігі мен ұқсастықтары бар. Дінде жаугершілікті жақтап, үстемдік ету деген қара пиғыл мүлдем болмайды. Сол сияқты, өмірде жаман адам жоқ. Иесі Алла болса, адам қалайша жаман болмақ? Бұл жерде адам баласының ортадан ілген көрсеткіші сондай әлсіз немесе дінсіз болуы мүмкін. Міне, осы қоғамды мүжіген дінсіздерді одан әрі әлемге тісін көрсететін  аждаһаға айналдырмай, басын қайыру – діннің өзекті міндеті. Дін – адамзат баласына обал – сауапты ажырататын ырыс. Дегенмен, «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, діндер тату болса, өркениетте бірлік болады. Қазіргі буынның қасиетін жоғарлату жолында біздер мәдениетаралық және дінаралық көпірді саралаған жөн. Әлемдік тарихқа енген бұл жиылыс келешек ұрпағымызға берер мәні зор. 2009 жылы Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің сьезінде «Біз, Қа­зақ­стан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін әр­дайым мақтан тұтамыз. Бұл жетістігімізді әлем жұртшылығына үлгі етуге ұмты­ла­мыз… Сондықтан, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ сьезі дүние жүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өрке­ниет­тердің өзара үндестік табу ісінде айтар­лықтай рөл атқарады деп есептеймін» деген Елбасымыз, үкілі сөзімен алдымызға парасатты болашақты белгілегендей. «Өзіңе де, өзгелерге де адал бол; ренжісең де, қуансаң да әділ бол; бай болсаң да, кедей болсаң да сабырлы қалпыңнан айрылма; сені кеудеден итергісі келгендермен де достық қарым – қатынасыңды үзбе; саған шығын келтіргендерге сен пайда жаса; саған зиян жасағандарды кешіре біл; үнсіз тұрсаң да санаң ойға толы болсын; әр сөзің Аллаһ тағаланы еске түсірсін; таным – түйсік мүмкіндігі оқу үшін беріледі» деп, «Тәңірім маған тоғыз өсиет қалдырды, мен соларды жеткіземін» деген (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың аманаты бар еді. Бүгінде осы аманатты қабылдаған жиылыстың құшағына тоғыз қағидаттан тұратын өзіндік ұстанымы бар. Адалдықтан басталған асыл қасиеттерді қамтыған бұл көзқарас бізге яғни дін өкілдерінің көңіліне бірден қонады. Алайда, оның амалға айналдыру әркімге аманат болып жалғаспақ. Ислам тыныштық мағынасын білдірсе, онда барша дін өкілдерімен ортақ үйімізде тыныштық орнатуға ат салысу әрбір жанға зор аманат!

Нұрлан Байжігітұлы Асанов,
Өскемен аймақтық өкіл имамы