ҚАҢТАРДА ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫҢ ЖОҒАРҒЫ КӨРСЕТКІШІ ТҮРКІСТАНДА БАЙҚАЛҒАН

Осы жылдың қаңтар айында инфляция көлемі 0,7 пайызды құраған. Соған сәйкес елімізде азық-түлік тауарларының құны 0,9 пайызға, азық-түлік емес заттар 0,5 пайызға өскен. Ал ақылы қызмет бағасы  0,5 пайызға қымбаттаған.

Бұл туралы Atameken Business еліміздің Статистика комитеті таратқан дерекке сүйеніп мәлімдеді.

Қымбатшылықтың ең жоғарғы көрсеткіші Түркістан облысында байқалған. Аталған өңірде тауарлар мен тарифтер бағасы 1,4 пайызға  өскен. Ал Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 1 пайызды көрсеткен. Ақтөбе облысы 0,9 пайызбен үштікті түйіндеген. Төртінші, бесінші орынға 0,8 пайызбен Атырау мен Жамбыл облысы жайғасқан.

Қымбатшылық ең аз әсер еткен аймақтар Ақмола мен Шығыс Қазақстан облысы болып тұр. Бұл аймақтарда қаңтар айының көрсеткіші бойынша инфляция 0,4 пайызға өскен.

uakit.kz