БІЛІМ САПАСЫ МҰҒАЛІМНІҢ ІЗДЕНІСІНЕ ДЕ БАЙЛАНЫСТЫ
Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығының 2022 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 15 қарашасында №137 жалпы орта білім беру мектебінің базасында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілген нормативтік құжаттарымен таныстыру және білім сапасын көтеруде мұғалімдерге әдістемелік көмек ұсыну мақсатында «Сабақты жоспарлау — білім алудың негізгі кепілі» тақырыбында әдістемелік сағат ұйымдастырды.
Әдістемелік сағатқа №71-139 аралығындағы жалпы орта білім беретін мектептер мен жекеменшік мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдістемелік бірлестік жетекшілері түгел қатысты. Іс-шара барысында пән әдіскері Ж.А.Арысбаева ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілген нормативтік құжаттарымен таныстырды. Білім сапасын арттыруда мұғалім мен оқушы арасында оқыту теориясының дамытылуы мен оның практикада орынды қолданылуы, оқыту бағдарламасы мен оқу құралдарының сапасын қамтамасыз ету, мұғалімнің әдістемелік шеберлігі, дұрыс ұйымдастыра білуі және осы мақсатта жүйелі жұмыс жүргізе білуі жайлы әдістемелік ұсынымдамалар берді. Сонымен қатар, оқыту теориясы қаншалықты дамытылғанымен оқушылардың білім сапасын арттыру, ең алдымен мұғалімнің кәсіби шеберлігіне, оқушылардың оқу іс-әрекетін педагогикалық сауатты ұйымдастыра білуіне байланыстылығына және зерттеу, оқу, үйрету тағы сол сияқты іс-әрекеттер объектісіне айналдыратын кілт — мұғалімде екендігіне тоқталды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдістемелік бірлестік жетекшілері алдағы уақытта пәнді тиімді оқыту жолдарын қарастырып, әр сыныптың оқу мақсаттарын іске асыруда тапсырма құрастыруды жоспарлауға кәсіби бағыт алып, тарқасты. Дәл осындай шара үшінші мегаполиске қарасты №3 жалпы орта білім беру мектебінің базасында да ұйымдастырылған болатын. Қаладағы мектептердің көптігіне байланысты, аталған шара екі мектептің базасында қатар ұйымдастырылып отырғанын айта кету керек.