ЖАҢА ТУЫЛҒАН СӘБИГЕ КОРОНА ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Әлем елдерінің ғалымдары коронавирусты қайтсек келмеске кетіреміз деп, түн ұйқысын төрт бөліп, ал қарапайым адамдар жаман аурудың атын айтпайды деп вирустың атауын артық айтпауға тырысып жүрсе, бір отбасы жаңа туылған балаларына Корона есімін беріп, ел назарына іліккен.

Бұл ақпарат Үндістанның Уттар Прадеш штатында  тіркелген. Сәби өңірде коменданттық сағаттың енгізілуіне бірер сағат қалғанда дүниеге келгендіктен, оған Корона деп ат қойған.

Бұл туралы sputniknews.kz жазады.
Қыздың ағасы Нитеш Трипати қарындасына мұндай есімнің берілуін  ағаттық деп есептемейді. Керісінше  «Сәби адамдардың вируспен күресінің символы болады», — деп, оны жақсылықтың нышаны ретінде бағалап отыр. Ол да дұрыс шығар.  Барлық баяндылық  игі ой, жақсы ниеттен басталады емес пе?!

Сонымен қатар Нитеш Трипати коронавирус өте қауіпті екенін, бірақ бұл індет адамдардың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тірлік етуге итермелеп, салауатты өмір салтын берік ұстануға шақырып отыр деген оптимистік көзқарасын да білдіре кеткен.

«Уақыт» газеті.

Сурет: ашық дереккөз