ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ ТЫҢДАЛЫП, ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ

288
0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ынтымақ» шағын ауданына арнайы барды. Тұрғындар көкейінде көлкіп тұрған көп мәселені тыңдап, тиісті басқармаларға нақты тапсырма берді.

Осыдан біраз күн бүрын осы ауданның тұрғыны әкімнің онлайн қабылдауында болған еді. Өз кезегінде қабылдауға жазылған тұрғын «Ынтымақта» ауыз су, жол, қоғамдық көлік пен интернет мәселесі жолға қойылмағанын айтқан. Әкімнің жағдаймен өзі танысып, ауданға бет алуының басты себебі де осы еді. Оның нәтижесі бойынша мынадай мәселелер назарға алынды.
«Ынтымақ» ауданында ауыз судың берілуін жолға қою үшін тиісті жобаға сәйкес құрылыс жұмыстары алдағы сәуір айында басталады. Нысан құрылысы 2021 жылдың тамызында толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 600 тұрғын үй сапалы ауыз сумен қамтылады.
Аудан мектепке сұранып отыр. Мектеп салып беру жолдарын қарастыру «Шымкент» ӘКК ҰК АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Канкинге тапсырылды. Сонымен қатар шаһар басшысы қалалық цифрландыру басқармасына ауданды сапалы интернетпен қамту жолдарын реттеуді жүктеді.
Тұрғындар әкімге соңғы уақыттарда «Ынтымақта» ұрлықтың көп болып жүргенін де тілге тиек етті. Мұны естіген Мұрат Дүйсенбекұлы ол аумаққа полиция бекетін салу назарға алынатынын айтты. Сонымен қатар ол, шағал тас төселген үш көшеге қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы осы жылы асфальт төсеу жұмыстарын жүргізуін жеткізді. Соның негізінде №55 бағыттағы автобустың сызбасына өзгерістер енгізіліп, жолаушылар үшін орталыққа қатынау артық әуре туғызбайтынын айтты.
Сондай-ақ, қала басшысы қарамағындағыларғаберілген тапсырмалар бақылауында болатынын ескертті.