ҚЫРЫҚБАЕВТАРДЫҢ ТАҒЫ БIРI ҚҰРЫҚТАЛДЫ
Қылмыс әлемiнде «Қырықбаевтар» деген атпен танымал қылмыстық топтың белдi мүшелерiнiң бiрi құрықталды. Қайрат Қырықбаев жетекшiлiк еткен топ 90-шы жылдардың басында кiсi өлтiру, ақша бопсалау сияқты қылмыстары үшiн елдi үрейде ұстаған-тын. 5 жыл бойы халықаралық iздеуде жүрген оның қолына кiсен бiрер күн бұрын Алматыда салынған.
Қайрат Қырықбаевты полицейлер оңтүстiк астанадағы жазғы мейрамханалардың бiрiнде түстенiп отырған кезiнде құрықтады. Ол осыдан 5 жыл бұрын ауыр қылмысы үшiн 18 жылға сотталып, бiрақ жанындағы серiгiмен тура тергеу изоляторынан қашып кеткен болатын. Осы уақытқа дейiн қандықол қарақшы ТМД елдерi мен Араб Әмiрлiгiнде бой тасалап жүрiптi. Алайда, iз кесушiлер қылмыс әлемiнiң серкесiн Алматыда қолға түсiрдi. Сонымен бiрге, үстiмiздегi жылдың мамырында Араб Әмiрлiгiнде Қайраттың туған ағасы Алмас та тұтқындалған болатын. Тәртiп сақшылары атақты «Қырықбаевтар» қылмыстық әулетiнiң iздеуде жүрген барлық мүшелерiн ұстағанын айтады.