КАБЕЛЬДІК ЖЕЛІЛЕР АПАТ ТУДЫРМАЙДЫ

 

Соңғы жүргізілген санақ бойынша Түркістан қаласында 200 мыңға жуық тұрғын бар. Қала тұрғындарының 99 пайызы электр желісімен қамтылған. Абоненттердің 85 пайызы сапалы электр қуатын тұтынып отыр. Өкінішке орай кейбір жерлерде қуат көзінің күші төмен. Кеңес Одағы кезінде тұрғызылған бағандар мен тартылған электр сымдары қатты жел тұрғанда бір-бірімен айқасып, жиі істен шығып жатады. Оларды жаңасына ауыстыру жұмыстары кезең кезеңімен жүзеге асады.

Бұл туралы Түркістан қаласы Инфрақұрылым және коммуникация бөлімінің басшысы Ерсейіт Бұхарбаев мәлімдеді.

Биыл қалада электр желілерін жаңарту бағытында 6 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Соның негізінде әлемдік тәжірибеге сәйкес әуе электр желілерін жерасты кабельдік желіге ауыстырып жатырмыз. Жерасты кабельдік желісі қаланың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, жел, жауын-шашын, қар жауған кезде электр сымдарының бір-бірімен айқасып, апатты жағдай тудыруын болдырмайды.

Осылай деген ол «Қазіргі таңда Тәуке хан, С. Ерубаев көшелеріндегі желілерді жерасты кабельдік желісіне ауыстырып жатырмыз. Нәтижесінде қаламызда бағаналар арқылы тартылып тұратын сымдардың саны азая түседі. Келешекте бағандардың бәрін алып, ескі желілерді заманауи талапқа сай етіп жаңартамыз»,-деді,

Сонымен қатар ол «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің теңгеріміндегі электр желілері мен тарнсформаторлар мекеменің инвестициялық бағдарламасы аясында кезең кезеңімен жаңасына ауыстырылатынын, ал коммуналдық меншіктегі желілер мен бағандар 2025 жылға дейін ауысатынын мәлімдеді.