ТҮРКІСТАНДЫҚ ТЕННИСШІ – BASELINE OPEN U14 ТУРНИРІНІҢ ЧЕМПИОНЫ!
Үлкен теннистен 14 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Заңғар Нұрланұлы Словакияда өткен Tennis Europe сериясының Baseline Open U14 екінші санатты турнирінің чемпионы атанды. Ол финалда екі жарым сағатқа созылған драмалық бәсекеде Словенияның 14 жасқа дейінгі бірінші ракеткасы Зиго Сешконы 3:6, 6:2, 7:6 есебімен жеңді. Қазақтың қарадомалақ балаларының үлкен теннистен жүлде ала бастауы көңілге қуаныш ұялатты.
Осы халықаралық турнирде Еуропа рейтингісінің чемпиондық кестесінде көш бастап келе жатқан түркістандық Заңғар Нұрланұлы словениялық Зиго Шешкомен жұптық сында финалда германиялықтар Диего Паломеро мен Нильс Макдонольдпен бас жүлдені сарапқа салды. Үш сағатқа созылған тартысты мачта қазақстандық-словениялық жұп қарсыластарына есе жіберіп алды – 6:1, 5:7, 5:10.
Түркістанның 13 жастағы түлегі үшін бұл жұптық сындағы алтыншы финалы еді, соның үшеуінде Заңғар жеңіске жеткен. Сонымен қатар ол жекелей сында бес рет чемпион атанған болатын. Түркістанның дарынды өренінен ел үлкен үміт күтіп отыр.