ТҮРКІСТАНДА «РУХАНИ ҚАЗЫНА – 2022» ФЕСТИВАЛІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

172
0
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2022 жылғы 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай қасиетті Түркістан қаласында мәдениет және өнер саласының ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2022» фестивалінің жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады.
Қазылар алқасы еліміздің 17 өңірінен келіп түскен кітапхана, мәдени ойын-сауық және музей салалары бойынша өтінімдерді қарастырды. Шара қорытындысында фестивальдің 44 жеңімпазы арнайы сыйлықтармен марапатталды.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев фестивальге қатысушыларды марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, барша мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Музей саласы бойынша «Үздік мәдениет, өнер музейі» номинациясы — Түркістан облыстық «Бейнелеу өнері музейіне» бұйырды. Жүлде қоры 1 000 000 теңге. Сондай-ақ, кітапхана саласы бойынша «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана қызметкері» номинациясын Түркістан облысы, Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ жеңіп алды. «Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығы құрметіне кітапханалар арасында» номинациясы бойынша Түркістан облыстық А.С.Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасы үздік атанды. Жүлде қоры 500 000 теңге.
Фестиваль аясында бірқатар түркістан мәдениет саласының майталмандары «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы — Әзімхан Қойлыбаев, Түркістан музыкалық драма театрының директоры — Айнұр Көпбасарова, А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры — Жанат Шардарбекова, «Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының» әртісі — Арман Өтебеков, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншісі — Дінмұхамед Байқожа, Келес аудандық мәдениет үйіне қарасты «Ұшқын» ауылдық клубының меңгерушісі — Абылай Бөріханов, Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры — Сардарбек Молдабеков, Төлеби аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары — Разия Омарова, «Оңтүстікфильм» мекемесі директорының орынбасары — Назгүл Қасенова бар.
Фестиваль соңында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Түркістан облысына “Рухани өлке — 2022” деп жариялап, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевқа арнайы белгісін табыстады.