АРҒЫМАҚТА АУЫЗСУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Арғымақ шағынауданындағы инфрақұрлым жұмыстарының барысын тексерді. Шағынауданда қазір 200-ден астам халық қоныстанған. Инфрақұрылым жүйелерін жүргізу жұмысы рет-ретімен атқарылуда.
Арғымақ елдімекені мемлекеттік жүйедегі электр қуатымен толық қамтылған. Көгілдір отын жеткізу жұмыстары жүруде, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Қазіргі сәтте ауызсумен қамту жұмысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Елді мекенде жалпы 80 жеке тұрғын үй бар. Нысанның қуаттылығы 405 үйге тіршілік нәрін жеткізуге қауқарлы. 2021 жылы басталған жоба барысында ұзындығы 6 800 шақырымды құрайтын су құбыры тартылып, тұрғын үйлерге қосу жұмысы жүргізілуде. Қалған бос жер телімдеріне су жүйесі тартылған, керек болғанда қосу мүмкіндігі бар.
Бүгінде қалада ауыз су бойынша барлығы 7 нысанның құрылысы жүруде. 2022 жылдың қорытындысымен Құрсай 1,2, Асар-2, Нұртас ВС, Текесу елді мекенінде құрылыс аяқталып, 11 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 %-дан 99%-ға жетпек.
Шымкентте ауыз суды кестемен тұтынатын тұрғын алаптар саны жыл сайын азайып келеді. Қалада жалпы 81 шағынаудан мен тұрғын алап болса, оның 78-і сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Жалпы биыл қалада инженерлік инфрақұрылымға баса көңіл бөлінді. Бозарық қосалқы стансасы мен АГРС іске қосылып, электр қуаты мен табиғи газ тапшылығы шешілді, олардың қуаттылығы алдағы 5-6 жылға жетеді. Қала тұрғындарының ауыз сумен қамту 93-тен 98%-ға, электрмен қамтамасыз ету 91,2-ден 97%, тұрғындарға табиғи газ жеткізу 92-ден 93%-ға өсті. Келер 2023 жылы ауыз сумен қамту, 2025 жылы электр қуатымен және табиғи газбен қамту 100 пайызға орындалады.