ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША ӨҢІРЛЕР АРАСЫНДА ШЫМКЕНТ КӨШ БАСТАДЫ

164
0

Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров Үкімет отырысында айтты. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен селекторлық жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен салалық басқарма басшылары қатысты.

Министр негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5 пайызды құрағанын атап өтті. Инвестициялар білім беруде – 71,7, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 55,1, ғылым мен техникалық қызметте – 35,9, денсаулық сақтауда – 27,8, жылжымайтын мүлік операцияларында – 20,4, саудада – 13,9, құрылыс саласында 10,7 пайызға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында байқалған.

2022 жылдың 5 айында Шымкент қаласының экономикасына 130,9 млрд. теңге тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28,6% артқан(2021 жыл қаңтар-мамыр – 96,9 млрд. теңге). Осы көрсеткішпен Шымкент елімізде инвестиция тартудан көш бастады.

Шаһарда 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн.теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Осы жаңа бастамалар арқылы 20 мыңнан аса жұмыс орындары құрылмақ. Оның ішінде 2022 жылы құны 241 млрд.теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланып отыр.

Сонымен бірге, жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында биыл қалада 52,3 млрд.теңгеге 16 жоба іске асырылып, 1 043 жұмыс орны құрылады.
Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін кәсіпкерлер мен инвесторларға «бір терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет — Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс жұмыс істейді. Мекеме кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді көрсету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сүйемелдеу және инвесторларға жолығатын шектеулерді жоюға көмектеседі.

Ал, инвестциялық жобаларға мониторинг жасап, мәселелерін шешу және қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі штаб құрылған. Апта сайын өтетін штаб отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алған.

Жүйеленген жұмыс нәтижесінде 4 өнекәсіп аймағында 294,5 млрд. теңгеге 191 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуда. Соның ішінде қазір 161,8 млрд.теңгеге 8,1 мыңға жуық жұмыс орнымен 128 жоба іске асырылған.