ТҰРАН АУДАНЫНДА ҚОҚЫС КОНТЕЙНЕРЛЕРІ ТОЛЫҚТАЙ ЖАҢАРТЫЛАДЫ
Ел экономикасы қуатты болуы үшін өңірлердегі өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Күні бүгінге дейін үшінші мегаполиске қарасты шағындаудандар мен елді мекендердегі бірқатар мәселелер шешімін тапты. Тіпті, қазіргі уақыттың өзінде шешіліп жатқан түйткілдердің қатары қалың. Мәселен, сапалы ауыз су, электр жарығы, көгілдір отынмен қамту шаралары қарқын алған. Бұл ғана емес, жол құрылысы да жүріп жатыр. Көпқабатты үйлердің аулаларын балалар және спорт алаңшаларымен толықтыру ісі де ілгерілеп келеді. Қалаға қарасты аудандарда тазалық жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстардың да есебі дер кезінде беріліп келе жатқанын айта кеткеніміз абзал. Мәселен, жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңына Тұран ауданы әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол Бақытжанұлы арнайы табан тіреп, жүзеге асқан жұмыстарды тарқата баяндады. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына да жауап берді. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Бүгінде Тұран ауданының инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Аудан аумағы 36 300 гектарды қамтып, мұнда 220,7 мың тұрғын тұрады. 21 шағынауданнан тұратын аймақта 39 357 жеке үй, 544 көпқабатты тұрғын үй және 597 көше бар. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз конференциясында Тұран ауданы әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол Бақытжанұлы баяндады. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 95,5 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш 2026 жылы толықтай 100 пайызға жеткізілмек. Табиғи газбен қамту деңгейі де жоғары – 85,7 пайыз, ал электрмен қамту 95,2 пайызға жетті. Жоспар бойынша, 2026 жылға қарай табиғи газбен қамту толық жүзеге асырылып, 2025 жылы сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші де 100 пайызды құрайды. Кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде. Қазіргі уақытта ауданның 57,1 пайызы кәріз жүйесіне қосылған, ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 60,2 пайызға дейін өседі. Сондай ақ, 2024 жылы 42 көшеде, жалпы ұзындығы 34,8 шақырым жол төселеді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде асфальтталған көшелердің үлесі 80,2 пайыздан 87,4 пайызға дейін артады. Қазірдің өзінде 40 көшеге асфальт төселіп, жол сапасын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Тұран ауданындағы бұл шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. 2024 жылы Тұран ауданында қоқыс алаңдарын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілмек. Аудандағы 54 қоқыс алаңшасына 260 жаңа қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер орнатылады. Нәтижесінде, аудан аумағындағы қоқыс контейнерлері 100 пайыз жаңартылатын болады. Бұл жобаны жүзеге асыратын мердігер мекеме анықталуда. Сонымен қатар, аудан аумағында 3060 қоқыс жәшігін орнату жоспарланып, қазіргі уақытта олардың 2200-і қойылды. Ағымдағы жылы аулааралық 60 аумаққа 154 жарық шамы орнатылып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, демеушілердің қолдауымен Түркістан шағын ауданындағы Айқап көшесінде балалар ойын алаңшасы, ал Рысқұлбеков көшесінде тренажерлық алаңша орнатылды. Балаларды қорғау күніне орай, Қажымұқан стансасынан Дендросаябаққа дейінгі ұзындығы 6 шақырымға жуық «Тұлпар» балалар темір жолының орнына заманауи веложол салынды. Велосипедшілер үшін арнайы баспалдақтар да орнатылып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасалды. Ағымдағы жылы Тұран ауданындағы инфрақұрылымдық жұмыстар аясында 21 шағын ауданда 165 шақырымды қамтитын 200 көшеге 3500 дана жарықтандыру бағанасы орнатылады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта ауданның 263 көшесі жарықтандырылды, оның ішінде 69 көшеге қосымша бағаналар орнатылған. Алты көшеде мердігер мекемелер тарапынан жұмыстар жалғасуда. Аманжол Бақытжанұлының айтуынша, жарықтандыру бойынша қосымша 153 көше (оның ішінде 92 көше Басқарма тарапынан және 62 көше ABM Bulding ЖШС арқылы) тізімге енгізілді. Қазіргі уақытта 23 көшеде жұмыстар аяқталды.Тұран ауданындағы 597 көшенің жалпы ұзындығы 697 шақырымды құрайды. Оның ішінде 153 көшеде 114 шақырым ирригациялық жүйе бар. 2024 жылы 48 көшеге 19,2 шақырым ирригация жүйесін орнату жоспарлануда. Бүгінде 11 көшеде жұмыс жүргізілуде, ал 7 көшенің ирригациялық жүйесі толығымен аяқталған. 2024 жылы ауданда 40 ойын алаңын орнату жоспарланып отыр, оның ішінде 30-ы балалар ойын алаңы, 8-і кешенді алаңша (балалар мен спорт алаңдары) және 2 спорт алаңы. Қазіргі уақытта 2 нысанда жұмыстар жүріп жатыр, 14 нысан пайдалануға берілді, ал қалған 24 нысан бойынша мердігерлер анықталып жатыр. Бұған дейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков есептік кездесуде Тұран шағынауданы тұрғындары көтерген мәселелер бойынша арнайы баратынын жеткізген еді. Осыған орай тиісті мамандармен бірге аталған шағынаудандағы үйлердің құрылыс барысымен танысты. Осыған дейін Тұран шағынауданында жылу жүйелерінен бірнеше рет ақау шыққан болатын. Арнайы сараптама тағайындалып, қазандықтардың жарамсыз екені анықталған. Оған қоса, тұрғындар тарапынан үй қабырғаларының сапасыздығы айтылған. Қала басшысы тиісті мамандарға сапаны назарға алуды тапсырды. Алдағы уақытта жауапсыз мердігерлермен жұмысты тоқтатуды ескертіп, қарапайым халық зардап шекпеу керектігін баса айтты. Сондай-ақ құрылысты жүргізген мердігерлерге пәтерлердегі жылу жүйелерінің ақауларын тез арада қалпына келтіріп, қысқа дайындықты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұған дейін Әл-Фараби ауданының әкімі Мыңбаев Рашид Мамытұлы баспасөз брифингін өткізген болатын. Аталған аудан инфрақұрылымына келсек, ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100 пайызға қамтылған. Ал «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2024 жылы 70 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру және балалар ойын, спорт алаңшаларын орнату үшін 1 миллиард 717 миллион 971 мың 510 теңге бөлінді. «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде 66 балалар ойын және 4 спорт алаңшасы орнату жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың соңында абаттандыру деңгейі 78,3 пайызға жетіп, 2025-2026 жылдары 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, аудан тұрғындарына демалыс орындарын ұлғайту мақсатында 2024 жылы 3 гүлзар салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Әл-Фараби ауданында 390 көше бар, оның ішінде 124 көше немесе жалпы көшенің 31,8 пайызы жарықтандырылған. Ағымдағы жылы бюджеттен 118 көшені жарықтандыру жоспарланып, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 62 пайызға жеткізу көзделуде. 2024 жылдың 4 мамырында қабылданған қалалық мәслихат шешімі бойынша, түнгі жарықшам бағаналарын орнату жұмыстарын Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізуде. Қазіргі уақытта 118 көшеге жарық шамдары орнатылып, іске қосылған. Рашид Мамытұлының айтуынша, демеушілер есебінен тағы 50 көше ұсынылып, 22 көшесі жарықтандырылған. Жалпы, жыл соңына дейін аудан бойынша 342 көше жарықтандырылады, бұл 87,6 пайызды құрайды. 2024 жылы аудан аумағында 260 шақырымды құрайтын 390 көше, даңғыл және өткелдер бар. 366 көшесі немесе 245 шақырымы асфальтталған, 24 көше немесе 15 шақырымы — тас жол. Жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 32 көшеге асфальт қабатын салу жұмыстарын жүргізуде.