ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПОРЫНДАР ҚАТАРЫ КӨБЕЙЕ ТҮСПЕК

142
0

Шымкент қаласында кәсіпкерлік салада ірі бастамалардың қолға алынып, жүзеге асып келе жатқанын жазып жүрміз. Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте жаңа кәсіпорындардың ашылуымен қатар, жұмысы жолға қойылған мекемелердің де қуаттылығы артып, мүмкіндігі кеңейе түсуде. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына барып, бірнеше жеңіл өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып қайтты.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Бал Текстиль» кілем және кілем өнімдерін шығаратын кәсіпорын өзінің 4-ші жаңа жобасын іске қосып, өнім қуаттылығын арттырып отыр. Құны 2,5 млрд теңгені құрайтын жоба жылына 1,4 млн шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Фабрика өндірісі жыл соңында толығымен іске қосылғанда 90 адам жұмыспен қамтылатын болса, өнімнің 70 пайызы ішкі, 30 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған, техникалар толықтырылуда.

«Бал текстиль» кілем фабрикасы еліміздің жеңіл өнеркәсібі көшбасшысы болып танылған. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 4000 тонна полипропилен жібін және 5 млн шаршы метрден астам кілем мен кілем бұйымдарын құрайды. Кәсіпорын 2013 жылы «Оңтүстік» АЭА аумағында өз өнімін шығара бастады. 2015 жылдың екінші жартысынан бастап «Бал Текстиль» экспорттық нарықтарды игере бастады. Ал бір жыл бұрын Қазақстанда жасалған кілемдерге әлемге әйгілі IKEA компаниясы назар аударды. Бұл — Швед брендінің мерзімсіз келісімшарт жасасқан Қазақстанның алғашқы кәсіпорны.

Жалпы Шымкентте биылдың алғашқы 6 айында өндірілген өнеркәсіп өнімі 10,1 пайызға өсіп отыр. Ағымдағы жылы инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба жүзеге аспақ. Солардың бірі – аралас иірілген жіп шығаратын «Azala Cotton» зауытының екінші цехы. Инвест жобаның құны – 1,9 млрд теңге. Жылына 2500 тонна өнім өндіретін жоба жыл соңына дейін іске қосылғанда 200 адамға жұмыс орны ашылады. Өнімнің 100 пайызы ішкі нарыққа арналған.

Жалпы Шымкентте соңғы уақытта кәсіпкерлік саланың дамуы қарқын алған. Бүгінде бірқатар өндіріс орындары жұмысын бастап та кетті. Инвестиция тарту бойынша да қала өзге өңірлердің арасында көшбасшы саналады. Мұның өзі кәсіпкерлік салада атқарылып жатқан игі бастамалардың жемісті нәтиже беріп жатқанын айғақтаса керек…