ӨҢIРДIҢ НАМЫСЫ БОЛ

Бiрде көршiм Кеңес:

—Журналистикада жүрсiң ғой, мә, оқы, мынаны,-деп сырты түрлi-түстi, жазулары қанық газеттi бердi. Қарасам, басылымның аты «Уақыт» екен. Қашанғы әдетiмiзге салып, алдымен бiр шолып шықтым да, сосын 2-беттегi саясаттан бастап оқи бастадым. Газет менi өзiне тартып отырды. Мезгiл мәселесiн, толғағы келген түйткiлдердi орынды жазыпты. Орындыдан бөлек, «Уақыт» журналистерiнiң батылдығы, ашық әрi мақала мәнiсiн ашып жазғандары ұнады.

Жасырып қайтемiз, бүгiнде заман ағымына бейiмделгiсi келгендер газет ашуды мақсұт етедi. Жорамалмен, жел сөзден құралған өсектермен өзгенiң «басын жарып, көзiн шығаратын» бәлеқор басылымдар да пайда болды. Зиялы қауымға бiр асылып, зияндықты өршiтетiндер де жетедi. «Сарыжағал басылым» дегендi (желтая пресса) кiм жазса да сәттi аударған. Ал, «Уақыт» басқаша қадамымен өзгелердi елiктiрiп отыр. Газет шығарудың талабына көркемдiлiктi, байыптылықты, араағайындылықты қосар болсақ, бұл басылымның бағыты әзiрше дұрыс. Ақпараттық кеңiстiкте құндылығын жоғалтып алмасын деңiз. Мақсаткерлiктен айнымаса  межелi жерден өзiндiк орнын алар.

«Уақыттың» қызметкерлерi кiл жастардан топталыпты. Әрине, жалындылықты кекседен емес, солардан iздейтiнiмiз ертеден келе жатқан болмыс. Ендеше, әрiптестерiмнен ұлттық рух, қазақы намыс төңiрегiнде кеңiнен көсiлудi өтiнер едiм. Қазiр Қазақстанда бәрi бар. Ерiнбегенге еңбек көп, заңды бұзбасаң болды, iстiң көзiн тап та байи бер. Тек бiзге керегi – қазақы қайсарлық. Онда да ұлт мәселесi таразыда тұрар болса. Қанды шеңгелi сойып жiберетiн кеңестiк жүйеде де алаштық айбатымен Жұбан ақын жырлап едi ғой, «Мен қазақпын!»-деп. Сондай серттiң уақыты келгенiн «Уақыт» көрсетер болса, ауыл мұң-мұқтажын жазар болса, күндегi күйбең емес күйiнгендiктi жазса, анау жоғарыдағылар сергек күйге түсер едi…

Тақырыптық жағынан түрлi дiлгiр мәселелердi қозғайтын газет көптiң қуанышы мен қайғысына ортақтассын.     Газет ұжымын «Уақытты» дүниеге әкелгенiне 1 жыл толуымен құттықтаймын. Уақытпен әрқашан бiрге, айтар ойымен алда болуын тiлеймiн. Жаны жаз, жүрегi жомарт жазбагерлер көбейсiн. Қазақ не деушi едi? «Ханға жексұрын атансаң да, халыққа жексұрын атанба».

                                                                                        Нұрғиса ТӨРЕМҰРАТОВ.

Сайрам ауданы