СУ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДЕ СЕРГЕКТІК КЕРЕК

107
0

Жуырда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінде «Республикалық маңызы бар 120 каналға реконструкция жүргізу және 9 жаңа су қоймасын салу» тақырыбында брифинг өтті.

Жиынды аталған ведомстваның Су ресурстары комитетінің төраға орынбасары Досбол Бекмағамбетов жүргізді. Өз кезегінде Досбол Боташұлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылдың қыркүйегіндегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауындағы «Өңірлік саясатты жетілдіру» тармағына тоқталды. Ол:
– Қазақстан Президенті су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуды және Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасын салу туралы үлкен тапсырмалар жүктеді,-деді. Одан өзге ол бүгінгі таңда елімізде су ресурстары саласындағы жағдай мен осы бағытта атқарылған және атқарылатын жұмыстар туралы айтып өтті.
Комитет өкілі жыл сайын су ресурстарының азайып келе жатқанын жеткізді. Бұл құбылыс жергілікті және тарнсшекаралық өзен ағындары динамикасының аз болуынан екенін атап өтті. Атап айтқанда, осыдан 20 жыл бұрын орташа көпжылдық өзен ағысы 120 текше километр болса, қазіргі уақытта ол шамамен 102 текше километрді құрайды. Көрсеткіштің бұлайша кері кетуіне климаттың өзгеруі және антропогендік факторлар өз әсерін тигізген.
Осы және өзге де факторлардан Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23,2 текше километрді құрауы мүмкін.
Өз кезегінде Досбол Боташұлы бұл мәселе су ресурстарына қатысты жағдайдың өңірлер бойынша әртүрлі болғандығынан күрделене түсетінін алға тартты. Мысалы, елдің шығыс өңірі су ресурстарымен неғұрлым қамтамасыз етілсе, ал Орталық Қазақстан (Нұра-Сарысу бассейні) ең аз қамтамасыз етілген. Оңтүстік және Батыс өңірлер шектес елдерге неғұрлым тәуелді болып табылады. Сондықтан болжанып отырған су тапшылығы осы өңірлерге көбірек әсер етеді. Тығырықтан шығар жол қандай?
Сала жетекшісінің сөзінше, қазіргі уақытта су шаруашылығының проблемалық мәселелері «Жасыл Қазақстан», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Агроөнеркәсіптік кешенді 2025 жылға дейін дамыту бойынша» ұлттық жобалар шеңберінде шешілуде.
Ауыл шаруашылығы саласында 7 мың километрден астам суару желілерін қайта қалпына келтіру, 212 каналдағы суды есепке алуды цифрландыру және 16 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау арқылы 2025-ші жылға қарай суару кезіндегі нормативтік емес су шығындары 4 текше километрге қысқартылатын болады.
Досбол Боташұлы бұл ретте каналдарды қайта жаңарту жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп отырғанын айтты.
Мәселен, 2019-2020 жылдары 1734 шақырым канал жөнделіп, 111,5 мың га суармалы жер айналымға енгізілсе, 2021 жылы 78 мың га суармалы жерді айналымға енгізу үшін 1050 шақырым канал қайта жаңғыртудан өткен. Бес жыл ішінде 8 облыста 120 канал жалпы сомасы 221 млрд теңгеге қайта жаңғыртылады. Бөлінген қаржының 188 млрд теңгесі бюджеттен қаралады.
Бүгінге дейін 19 жобалық-сметалық құжат дайын. Дайын болған жобалық сметалық құжаттардың 5-уі Атырау облысына, 14-і Түркістан облысына тиесілі. Жалпы алғанда, 120 каналды қайта жаңарту 2025 жылға қарай суармалы алқапты 2,2 млн гектарға дейін жеткізуге және жыл сайын 800 млн м3 суармалы судың шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Қолға алынатын бұл жұмыстардың есебінен ауылда 120 мың жұмыс орны құрылып, жыл сайын 510 млрд теңге сомасына өнім өсіруге ықпал ететін болады.
Қазіргі уақытта мемлекеттік инвестициялық жоба 120 канал бойынша әзірленуде. Содан кейін экономикалық қорытынды алу үшін құжаттар Ұлттық экономика министрлігінің қарауына енгізілетін болады.
Бұдан бөлек жоспарланған 41 авариялық су қоймасының 16-сы қалпына келтірілді. Нәтижесінде Алматы, Ақтөбе, ШҚО, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы барлығы 16 елді мекенде су басу қаупі жойылды. Су қоймалары күрделі жөндеуден өткен елді мекендердегі халық саны 120 мыңнан асады. Биыл тағы 6 су қоймасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қалған 19-ы 2025 жылдың соңына дейін қалпына келтіріледі.
2025 жылға дейін қосымша су көлемін қамтамасыз ету үшін жинақтау көлемі 1,7 текше километрді құрайтын 9 жаңа су қоймаларының жобасы іске асыру жоспарлануда. Бұл су қоймалары Ақмола (1), Алматы облысы (1), Жамбыл (3), Батыс Қазақстан (2), Қызылорда (1), Түркістан (1) облыстарында салынады.
Брифинг барысында Д. Бекмағамбетов:
– Мемлекет басшысының осы жылғы 8 ақпандағы кеңейтілген Үкімет отырысында берілген тапсырмасына сәйкес жаңа Су кодексі әзірленуде. Жаңа Су кодексін қабылдау елдің су-ресурстық әлеуетін сақтау, су үнемдеуге арналған кондырғыларды пайдалануға ынталандыру, су ресурстары мен суға сұранысты басқарудағы қоғамның рөлін арттыру, сондай-ақ саланы ғылыми сүйемелдеуді енгізу үшін негіз болады. Қазіргі уақытта жаңа Су кодексінің тұжырымдамасы және ілеспе заң жобасы әзірленді. Жаңа Су кодексінің тараулары мен баптары жасақталуда. Кодекс жобасы бекітілген мерзімде Парламент Мәжілісіне енгізілетін болады,- деді.
Жалпы экологтар су қорының таусылып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Және олар бұған бірден бір себеп суды ысырапсыз пайдалану екенін алға шығарады. Бұл терең мән беретін мәселе. Тегінде судың да сұрауы бар екенін ата-бабамыз текке айтпаған.

С.ИБРАГИМОВА.