МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ — ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРУШЫ ҚҰРАЛ
Еншімізді бөлектеп, егемен ел атанғанымызға да 30 жылдан асты. Тәуелсіздік жылдарында ел тұрғындарының ішіндегі қазақтардың үлесі 40 пайыздың айналасында болса, қазір 70 пайыздан асты. Десе де мемлекеттік тілдің мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей келеді. Алғашқы жылдары мұны қазақ ұлтының аз болуымен байланыстырдық. Десе де отыз жылдың ішінде саны әлдеқайда өскен қазақтардың әсерінен мемлекеттік тілдің қоданылу аясы кеңейіп кеткен жоқ. Керісінше, тарылып барады. Осының салдарынан мемлекеттік тілге қатысты даулардың саны да арта түсуде. Қазақ тілінің мәселесі неліктен өзекті? Тілден келер қауіп қандай? Саралап көрейік…
Ең әуелі тілден келер қауіптің қаншалықты ауыр екеніне тоқталайық. 2013 жылдың соңы мен 2014 жылдың басында әлем жұртшылығы Украинаға көз тігіп, демін ішіне бүгіп, оқиғаның артын күтті. Бұл уақытта аталған елде саяси-әлеуметтік жағдай шиеленісіп, мәселенің арты биліктің ауысуына дейін жеткен еді. Ел халқы қақ жарылып, бірі батысқа жақындауды, енді бірі Ресеймен байланысты нығайтуды жақтады. Арты қарулы қақтығысқа ұласқан оқиғада ондаған адам қаза болып, мыңдаған тұрғын жараланды. Дағдарыс әлеуметтік-саяси, экономикалық-қаржылық дағдарысқа ұласып, ел экономикасын тұралатып тастады. Украинаның шығысы мен оңтүстік шығысы Ресеймен бір одақта болу керегін айтса, батыс аймақтар Еуроодақпен байланысты күшейтуге мүдделі болды. Арты баршаға аян. Қырым түбегі қолдан кетті. Донецк, Луганск және Одесса облыстарында сепаратистік күштер билікті қолына алды. Дәл осы қанды қырғынның бір ұшы тілдік біртұтастықтың жоғына келіп тіреледі. Жоғарыда атап өткен Украинаның шығыс, оңтүстік шығыс облыстары орыс тілінде қарым-қатынас жасайды, орыс мәдениетін ұстанады. Батысындағы халық өздерінің ана тілін қолданып, ұлттық дәстүрін дәріптейді. Қарап отырсақ, бір ғана мемлекеттің екіге бөлініп, қанды қақтығысқа баруының астарында тіл мәселесі жатыр. Сол уақытта басталған оқиғаның арты не болып жатқаны жалпақ жұртқа белгілі деген ойдамыз…
Аталған оқиға көптеген елге сабақ болуы тиіс еді. Әйтсе де елімізде тіл мәселесіне айрықша назар аударып, мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуге баса назар аударылмай отырған тәрізді. Жалпы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын тарылтып отырған бірнеше себепті ашып айтуға болады. Ең біріншісі – аралас мектептер. Бұл туралы зиялылар жиі жазып та жүр. Мәселен, қазақты отарлау саясатын түп-тұқиянына дейін зерттеп, еңбек жазған ғалым Мекемтас Мырзахметов «Аралас мектеп жүрген жерде қазақ қазақтығын жоғалтады. Өйткені мұндай мектептердегі мемлекеттік тіл – орыс тілі болады. Орыстандырудан құтыламыз деп жүріп, өзіміз тұтылып жатырмыз. Аралас мектептің көзін құртпай, мемлекеттік тілдің мерейін өсіреміз деу қармақсыз балық аулаумен бірдей» деген болатын. Ғалымдар дәлелді дәйекті қанша келтірсе де, аралас мектептің саны кеміп жатқан жоқ. Керісінше, өсіп барады. Мәселен, 2011 жылы елімізде 7452 мектептің 2090-ы аралас мектеп болыпты. 2021 жылғы деректерге сүйенсек, 7525 мектептің 2429-ы – аралас мектеп. Қарап отырсақ, аралас мектептердің саны 10 жылда 339-ға көбейіп отыр. Ал қазақ тілінде білім беретін мекемелердің қатары 4 мектеппен ғана толыққан. Салыстыруға да келмейді. Аралас мектептің әсеріне келсек, елімізде 9-17 жас аралығында 2,6 млн бала мен жасөспірім бар. Оларға қажет контентті қазақ тілінде бере алмай келеміз. Арнайы арна жоқ. Интернет ресурста да мемлекеттік тіл материал таппайсыз. Енді бос уақытында онсыз да өзге тілде мультсериал мен фильмдер көретін бала мектепте қай тілде сөйлеуі мүмкін? Қазақ тілі сабағында мемлекеттік тілде тілдесері белгілі. Ал үзілісте ақпарат алған тіліне басымдық береді. Осы тұста Мұстафа Шоқайдың «Бала қай тілде білім алса, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деген сөзі ойымызға еріксіз оралады. Бұл – көкейтесті мәселе. Біріншіден, балаға қажет ақпаратты қазақ тілінде беру мүмкіндігіміз жоқ. Ал аралас мектеп онсыз да тілі өзге тілмен шыққан балаға жығылғанға жұдырық болып отыр…
Ақпарат кеңістігі де қазақ тілінің кең түрде қолданысқа ие болуына кедергі болуда. Мәселен, қазіргі уақытта жарияланатын ақпараттардың дені орыс тілінде оқылады. Бұған кез келген ақпараттық порталдың қазақ және орыс тілдерінде жарияланған материалдарының қаралым санына қарап-ақ аңғаруға болады. Сәйкесінше, елімізде қазақ тілі тұрмыстық қарым-қатынас тілі ретінде ғана қолданылып келеді. Мемлекеттік тілде жарық көретін қаралымы көп материалдардың дені шоу-бизнес, отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты болып келетіні баршаға белгілі. Нәтижесінде бизнес пен ғылымның, саясаттың тілі орыс тілі болып отыр. Мұның бір ұшы салалық журналистиканың дамымауына келіп тіреледі. Халықаралық саясатты, экономиканы, өнеркәсіпті, медицина мен өзге де салаларды тәптіштеп жазатын маман болмағандықтан, орыс тілінде ақпарат алу жеңіл. Қала берді, бүгінде ақпарат құралдарын тіркеу де оңай. Журналистік білімі жоқ, өзге мамандықты бітіргендердің дені сайт ашып, журналистік қызметке келуде. Мұның өзі мемлекеттік тілдің ақпарат кеңістігінде арзан тақырыптарды жазуда ғана қолданылуына әсер етуде. Сондықтан саланы дамыту үшін БАҚ заңнамасына енгізілер толықтыруларды тереңінен зерттеп, блогер мен ақпарат таратушының ара-жігін журналистен ажырататындай жағдай жасау керек.
Тағы бір толғақты түйін – мемлекеттік қызметке орналасатындарға қазақ тілін білу міндетін қою. Жасыратыны жоқ, аталған тақырып көтерілсе, көпұлтты мемлекет екенімізді еске салатын топ өретүрегеледі. Осы тұста сәуір айында өткен Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен онлайн режимде «Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырудың тиімді жолдары» тақырыбында өткен семинар-кеңесте елімізде тұратын этнос өкілдері мемлекеттік тілді дамытуға байланысты халыққа үндеу жолдағанын еске саламыз. Онда кез келген нормативтік құжат, заң мәтінін алдымен қазақ тілінде даярлау, шеттен келетін мигранттарға қазақ тілін қарапайым деңгейде меңгеруді міндеттеу, мемлекеттік қызметке орналасушыларға қазақ тілін білетінін дәлелдеу сынды талаптар қойылуы керегі айтылады. Ендеше халқының үштен екісі қазақ болып отырған елімізде қазақ тілінің мәртебесін заңмен шегелейтін уақыт жетті. Бастысы, мемлекеттік қызметке баратын азамат әрбір мәселемен жүгінген үш тұрғынның екеуіне қазақ тілінде жауап беруі тиіс екенін түсінуі шарт. Бұлай етпесек, мәселенің жуық арада шешілер түрі тағы жоқ.
Қорыта келгенде, арам пиғылымен адамдарды арандатудың арты неге ұласқанын баршамыз анық білеміз. Елді ұлт пен жер емес тіл біріктіреді. Қала берді, әлемдік саясаттың өзі мемлекеттің мәңгілік досы емес, мүддесі ғана барын дәлелдеп отыр. Я бүк, я шік деп отыратын уақыт емес. Мемлекеттік тілдің мәртебесін жиын мен баяндамада емес, іс жүзінде жүзеге асырар уақыт жеткен сыңайлы…
Қ.МОМЫНХАН.