КӨГІЛДІР ОТЫН БЕРІЛДІ

108
0

Шымкент қаласында біраз уақыттан бері инженерлік инфрақұрылым мәселесі көтеріліп келе жатыр. Мәселен, 2800-ден астам тұрғыны бар Тассайда көптен күткен қуаныш! 300-ге жуық үй табиғи газбен қамтылды.

Сайрам тұрғын алабының Тассай бөлімшесінде табиғи газ жүйелерінің құрылысы 2019 жылы толық аяқталған болатын. Газ  құбырының ұзындығы –7,507 км. Бұған дейін абоненттеу жұмыстары жүргізіліп, бүгін құжаттары дайын болған үйлерге газ қосылды.  Игі шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев, Мұратәлі Қалмұратов пен қоғам белсенділері қатысты. «Көріп тұрмыз, жолдар жөнделіп, лоток қойылыпты. Таза су да кірген екен, енді міне көгілдір отынға қол жетіп отыр. Қандай керемет! Шымкентіміз күннен күнге шырайланып, шалғай жатқан елді мекендердің сәні кіре бастаған. Игі істің артында қаншама еңбек жатыр. Пайдалануға берілген әрбір нысан игіліктеріңізге жарасын!» деді халық қалаулылары. Өз кезегінде жергілікті халық та билік өкілдеріне алғысын жаудырды.

Жалпы Қаратау ауданына қарасты Тассай шағын ауданы ауыз сумен, мемлекеттік жүйедегі электр жарығымен толық қамтылған. Бұдан бөлек, осы жылы Мұңайтпасов 1,2 көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 2,5 шақырым, ені 6 метрді құрайтын 2 көшеге асфальтбетон қабаты төселді. Сонымен қатар аяқжол салынып, жол жиегіне суағарлар орнатылды.

Айта кету керек, ағымдағы жылы Сайрам тұрғын алабындағы бірнеше мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы қалада 5 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сайрам тұрғын алабында орналасқан №107 мектеп 1985 жылы қолданысқа берілген. Бүгінде білім мекемесінің едендері көнеріп, электр жүйелері жарамсыз жағдайға жеткен.  Сынып бөлмелерінде санитарлық нормаға сай ауыз суының болмауы да өзекті мәселенің бірі. Ауласындағы асфальті үгітіліп, әбден тозығы жеткен. Жоғарыда аталған ақауларды жою үшін жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталыпты.

Ал жөндеу жұмысынан кейін едендер жаңысына ауысып, есік алдына кіреберіс салынады. Электр желілері ауыстырылып, әр сыныпқа ауыз су тартылады. Сонымен бірге, мектеп ішіне әжетхана жұмыс істейді және ол орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Одан бөлек, сметалық жобада оқу ғимаратының шатырын ауыстыру, сыртқа қабырғаның барлығын арнайы материалмен қоршау және спорт алаңын жаңарту жұмысы қаралған.