ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН СТОМАТАЛОГИЯЛЫҚ КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

183
0

Шымкент қаласында медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр. Көптеген медициналық нысандар ашылып, жұмысын жүргізуде. Мәселен, жуырда үшінші мегаполисте ерекше балаларға арналған мамандандырылған стоматологиялық кабинет ашылды.

Жаңадан ашылған кабинетте дәрігерлер церебральды сал ауруына шалдыққан және басқада мүмкіндігі шектеулі балалардың  ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен, наркоз беру арқылы жеңіл түрде емдейді. Асардағы балалар ауруханасында ашылған стоматалогиялық кабинетте ақ халаттылар науқастарды тегін қабылдайды. Бұл үшін жергілікті емханадан пациенттің жолдамасы қажет. Стоматологиялық кабинетте тісті емдеумен қатар ауыз қуысына диагностикалық тексеру жүргізіліп, бір жерден ем-дом тағайындалады. Кабинет рентген, наркоз аппараты сынды қажетті жабдықтармен қамтылған.  Шымкент қалалық клиникалық аурухана базасынан ашылған стоматалогиялық кабинет жұмыс күндері сағат 09:00-18:00 аралығында жұмыс істейді.

Айта кету керек, Шымкент қалалық стоматологиялық емханасында түнгі уақытта қызмет көрсететін кабинеттер саны өсті.  Онда  тіс дәрігерлері күндіз және кешкі 20:00-ден таңғы 08:00-ге дейін түнгі ауысыммен жұмыс істейді. Күндіз балаларға 17 кабинет терапевтік, 4 кабинет хирургиялық қызмет көрсетсе, түнгі ауысымда 3 дәрігер 2 медбике тіс емдейді. Емхана дәрігерлерінің айтуынша, түнгі ауысымда бір күнде орта есеппен 17-25 бала ем алуға келеді. Ал күндіз бала саны 500-600-ге дейін барады. Айта кету керек, осы уақыт аралығында тек  бір кабинет жұмыс істеген. Сондықтан есік алдында ұзын-сонар кезек болатын. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының тапсырмасына сәйкес, емхана басшылары түнгі ауысымда екі кабинетті іске қосып отыр.