ҚАЛА ӘКІМІ ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫН ПЫСЫҚТАДЫ

81
0

Жылу маусымы жақындап келеді. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен жылу маусымына дайындық жұмыстары жөнінде жиын өткен болатын. Енді шаһар басшысы атқарылып жатқан жұмыстар жайын бақылап, тиісті тапсырмаларды беріп қайтты.

Қазіргі уақытта қаладағы жылу құбырларын ауыстыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылыр жатыр. Мәселен, Адырбеков-Жібек жолы көшесінде ұзындығы 4 шақырымды құрайтын магистралдық жылу құбырын ауыстыру жұмыстары осы жылдың маусым айында басталған. Қазіргі уақытта жалпы жұмыстың 40 пайызға жуығы аяқталған болса, толығымен 2023 жылы бітпек. Нәтижесінде жылу құбырының тозу деңгейі төмендеп, 450-ден астам көпқабатты тұрғын үй сапалы және тұрақты жылумен қамтылатын болады. Атқарылып жатқан жұмыстар жайын бақылаған қала басшысы құрылыстың сапалы жүргізіліп, дер кезінде пайдалануға берілуіне баса назар аудару керегін баса айтты.

Жалпы жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында бұл жылы 19,4 шақырымдық ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 17,8 шақырымы біткен, бұл 92 пайызды құрайды. Соның ішінде, Толстой – Адырбеков көшесінде 357 метр жылу құбыры ауыстырылуда. Бүгінде оның 267 метрі аяқталса, қыркүйек айының соңына дейін толық ауыстырылып бітпек. Жұмыс барысымен танысқан қала әкімі тиісті сала басшысына жылыту маусымы кезеңіне дейінгі қажетті шаралардың талапқа сай және уақытылы атқарылуын тапсырды.

Шаһар басшысы табан тіреген тағы бір нысан — мегаполистегі жылыту орталықтарының бірі «Қуатжылуорталық-3» МКК. Аталған мекемеге қарасты 838 шақырымдық құбырдың 80-ге жуығында ақау анықтаған болатын. Қазіргі таңда барлығы толығымен ретке келтірілді. К-24 қазандығы Шымкент қаласы әкімінің 27.05.2019 жылғы №452 қаулысы негізінде «Қуатжылуорталық-3» МКК теңгеріміне берілген. 1977 жылдан бері қолданыста. Қуаттылығы 26,6Гкал/сағ құрайтын 2 дана ДКВР-20-13 қазандығымен жабдықталған. Осы арқылы үшінші мегаполистегі 66 көпқабатты тұрғын үй, 20 бюджеттік нысан, 4 жеке сектор (жер үй), 30 басқа заңды тұлғалар жылу жүйесімен қамтылып отыр.

Содай-ақ жылыту маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында Мұрат Дүйсенбекұлы «ОНС-Моторная» сорғы станциясына барды. Шымкент қаласының «Оңтүстік» бөлігінің тұтынушыларын «ТЭЦ-3» жылу қуатымен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 836 көпқабатты тұрғын үй, 51 білім, 8 денсаулық сақтау, 4 құқық қорғау органдарының нысаны бар. Жалпы мекеме 2007 жылы қолданысқа берілген. 2 дана Д-1250-125YXЛ 3,1 маркалы және 3 дана СЭ-2500-180-10 электрсорғылары орнатылған. Күрделі құрылғылардан құралған нысанның жылыту маусымына 100% дайындығының маңыздылығына тоқталған шаһар басшысы сала мамандарының өз жұмысына деген жауапкершілігіне сенім білдірді.