ТҰРҒЫН ҮЙДІ СУБСИДИЯЛАУҒА 1400 АЗАМАТТЫҢ ӨТІНІМІ МАҚҰЛДАНДЫ

102
0
Шымкент қаласы бойынша тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға жолданған 1400 азаматтың өтінімі мақұлданды. Оның ішінде 221 азаматпен «Отбасы банк» арасында келісім шарт түзіліп, жалдау ақысының 50%-ы мемлекет тарапынан аударылды.
Осыған байланысты тұрғын үй басқармасы мен “Отбасы банк” өкілдері бірлесе Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, тұрғын үй субсидиясы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бағдарлама талаптарына сәйкес тұрғын үй кезегіне тіркелген 1 және 2 топтағы мүгедектері, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар субсидия алуға өтінішті otbasybank.kz платформасында бере алады.
Өтініш берушінің соңғы 6 айға отбасыдағы адам басына шаққандағы табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек (1 КМ = 37 389 теңге). Өтініш беру үшін ЭЦҚ-сы болуы қажет. Азаматтар субсидиялауға қатысты сұрақтар бойынша Шымкент қ., Бейбітшілік 3 мекен жайында орналасақан “Аманат” партиясының 1-ші қабатындағы “Отбасы банк” кеңесшілеріне жүгіне алады.

Айта кету керек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға  жергілікті атқарушы органның тарапынан тұрғын үй сертификаты тапсырылады. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 млн (бір миллион) теңгеге дейін бірыңғай мөлшерде айқындалған. Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн.теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа 100 млн.теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілген. 2021 жылы 416 отбасыға 370 млн. теңгеге берілсе, 2022 жылы 500 азаматқа 1 млн теңгеге дейін қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек қарастырылған.