ШЫМКЕНТТЕ ОТБАСЫЛЫҚ СПОРТТЫҚ ЖАРЫС ӨТЕДІ

117
0

Отбасы күніне орай, салауатты өмір салтын насихаттайтын «FITNESS PARK KZ» жобасы аясында отбасылық жарыс басталмақ.

Шараның негізгі мақсаты – жастардың дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылығын ояту, балалар мен олардың ата-аналарының денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау. Жарысты  өткізуге Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар ісі басқармасының қолдауымен «Қуатты Ел» қоғамдық бірлестігі  ұйытқы болып отыр.

Жарыс шарттары бойынша отбасында құрамы 4 адамнан, яғни, әкесі, анасы және 2 баласынан тұратын 25 жастан жоғары 10 отбасылық команда қатыса алады. Ал қатысушы балалардың жасы 9-17 жас аралығында болу керек. Сондай-ақ  қатысушылардың спорттық үлгідегі киімі болуы тиіс.

Отбасылық спорттық жарыс Шымкент қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында 10 қыркүйекте өтеді. Жарысқа қатысқан жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар беріледі. Нақтырағы, І орынға 100 мың теңге, ІІ орынға 70 мың теңге, ІІІ орынға 50 мың теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, жарысқа қатысқан барлық команда жүлдесіз қалмайды. Оларға  ынталандыру сыйлықтары, алғыс хаттар және гүл шоқтары тапсырылады.

Айта кету керек, бұған дейін Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Fitness park kz» жобасының іске қосылғанын жазған болатынбыз.

Жоба аясында спорттың барлық түрі қамтылған. Бір жақсысы оған тегін қатысып, түрлі жаттығулармен айналысуға болады. Аталмыш жоба қазан айының соңына дейін жалғасады. Спорттық жобаны өткізуге Олар — Металлург, Орталық, Жеңіс және дедросаябағы таңдалынып алынды. Жаттығуды білікті нұсқаушылар мен жаттықтырушылар жүргізеді. Жастарға қолайлы болу үшін барлық жағдай қарастырылған.

Айта кету керек, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасының үлесі жыл сайын артып келеді. Мәселен Әл-Фараби ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 4 есеге артқан. Ауданды өткен жылы 14 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 59 жобаға қаржы бөлінді. 50 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 9 ашық спорт алаңшасы салынбақ. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын. 2023 жылы 32 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 7 ашық спорт алаңшасы салынса, 100 пайыздық меже орындалады.

Жалпы өңірімізде спорт саласы айрықша қарқынмен дамып келе жатыр. Бүгінде шымкенттік спортшылар ел чемпионаттары мен халықаралық деңгейде өтетін додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп келе жатыр. Мұның өзі атқарылған жемісті жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Аталған салаға алдағы уақытта да баса назар аударыла бермек. Демек саладағы жеңісті жол да әрі қарай жалғасып, ел қоржынына түсер алтын медальдар көбейе береді.