ШЫМКЕНТТЕ АЛДАҒЫ 3 ЖЫЛДА 5 ЕМХАНА, 200 ОРЫНДЫҚ ПЕРИНИТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛАДЫ

115
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Үкімет отырысында “Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау” ұлттық жобасын іске асыру бойынша баяндама жасады.
“Соңғы 8 айда белгіленген 9 индикатордың 8-і орындалды. Бір индикатор бойынша – «Халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы» туралы мәлімет 2023 жылы шығады”-деді әкім баяндамасында. Соңғы жылдары қалада туу көрсеткіші жоғарылап, аяғы ауыр келіншектер мен 5 жасқа дейінгі балалар патронажы 73%-дан 100%-ға өсті. Дерекке сәйкес, шетінеген нәрестелер саны да жоспарлы индикаторға әсер етуде. Дегенмен болжам шегінде. Түркістан облысының негізгі денсаулық сақтау ұйымдары Шымкентте орналасқан. Сол себепті өлім көрсеткіші қалада тіркеледі. Ал Ұлттық статистика бюросы бұл мәліметтерді түзетіп отырады.
Шаһар басшысы сәбилердің өмірін сақтап қалу бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Биыл Шымкентте балалар үшін 10 мобильді педиатриялық бригада құрылды. Емханаларда отбасын жоспарлау және баланы дамыту кабинеттерінің саны 2 есеге артты. Алдағы 3 жылда 5 емхана, 200 төсектік заманауи периниталдық орталық, университеттік аурухана мен 700 адам қабылдайтын орталық салу жоспарда бар.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Тоғыс елді мекенінде 15 000-нан астам халыққа қызмет көрсететін «Togus-med медицина орталығы» жеке инвестиция есебінен ашылуда. Нәтижесінде Тоғыз, Елтай, Жыланбузған, Маятас және Айнатас елді мекендері медициналық қызметпен толықтай қамтылмақ. Орталықтың бір ауысымдағы сиымдылығы — 200 адам. Мұнда бастапқы әлеуметтік-медициналық көмекпен бірге ЖТД, педиатрия, акушер-гинекология, хирургия, травматология, кардиология, эндокринология, онкология, урология, гастроэнтерология, ЛОР, офтальмология, стоматология, ревматология, профпатология, неврология, дерматовенерология және рентген, флюрография, УЗИ, ЭКГ, ЭЭГ, холтер, спирография, лаборотория сынды диагностикалық қызметтер, медициналық реабилитация және физиотерапия, емдік физкультура, массаж, сонымен бірге күндізгі стационар болады. Мекеме, жоғарыда атап өткеніміздей, рентген, флюрография, УЗИ, ЭКГ, ЭЭГ, холтер, спирограф тағы да басқа заманауи аппараттармен жабдықталады. Жаңа емханда ашылғанда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігі жақсарып, пациенттер уақтылы, толық және сапалы тексеру және амбулаториялық немесе күндізгі стационар жағдайында ем қабылдайтын болады. Мекемені аралау барысында шаһар басшысы «Медициналық орталық бұл елді мекендерге жақын орналасқан. Қалаға әуре болмай-ақ қызметтің басым бөлігін осында алуға болады. Бұл өз кезегінде халыққа сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырады» деді.