ПРЕЗИДЕНТ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ НАЗАРЫНДА ЕКЕНІН ЖЕТКІЗДІ

113
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентке жасаған жұмыс сапары барысында мәдениет саласы да мемлекеттің басты назарында екенін жеткізді.

Жиында «Қазір қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін мәдениет ошағы тапшы.  Менің тапсырмам бойынша 2 мың орындық Конгресс холлдың құрылысы басталды. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қалада Опера және балет театры бар. Алайда, оның ғимараты талапқа сай емес. Сондықтан, Үкіметке Шымкентте Опера және балет театрын салуды тапсырамын» – деді Президент. Осы ретте Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамыту да негізгі міндеттің бірі екенін айтып, заманауи стандартқа сай перзентхана қажеттігін жеткізді. Осыған орай, Әкімдік пен Үкіметке перзентхана салу жұмысын жеделдету туралы тапсырма берілді. Сонымен қатар халықты жұмыспен қамту мәселесін жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі ретінде атап, қазір Шымкент тұрғындарының үштен бірі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанына тоқталды. «Биыл кемінде 24 мың адамды жұмысқа орналастыру керек. Мен жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту туралы нақты тапсырмамды бердім. Қазір тиісті Заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді әкімдіктер мен мәслихаттардың өкілеттігі біршама кеңейетін болды. Соған сәйкес жауапкершілік те  күшейеді. Мұның бәрі қала экономикасын дамытып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді деп сенемін» деді Президент.

Мемлекет басшысы жиында алмағайып заманға тап келгенімізді түсіндіріп, көршілес елдерде қарулы қақтығыстар болып жатқанын айтып өтті. «Алпауыт мемлекеттердің санкциялық текетіресі жағдайды одан сайын ушықтырып тұр. Осындай күрделі кезеңде халықтың  ауызбіршілігі айрықша маңызды. Берекенің көзі – ынтымақта. Бұл сөздің астарына үңілсек, береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ  дегеніміз – саясат. Ел тыныштығын сақтай алсақ қана, өсіп-өркендей аламыз. Бізге сыртқы жау да, ішкі дау да қажет емес. Сондықтан, сыртқы саясатта бейтарап ұстанымды сақтап отырмыз. Бұл ұстаным халықаралық қоғамдастықта жоғары бағаланады және еліміздің түпкі мүддесіне сай келеді. Ал ішкі саясатта бірлік пен татулыққа баса мән беруіміз керек» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.