ЕЛІМІЗДІҢ ҮЗДІК ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ ШЫМКЕНТТЕ
Медицина саласы – қоғамның ажырамас бөлшегі. Ақ халаттылардың ерен еңбегін ел пандемия кезінде анық біліп, айқын көрді. Дәрігерлер қауымы – адам жанын аурудан арашалау сынды маңызды да жауапкершілігі жоғары қызметке саналы ғұмырын арнаған жандар. Олардың біліктілігі мен тәжірибесі қашан да маңызды. Себебі шұғыл көмекке зәру адамның дертінен құлан таза айығуы дәл осы сала қызметкерлеріне тікелей байланысты. Сондықтан дәрігерлердің тәжірибесі сынға түсетін түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Солардың бірі жақында ғана өткен болатын. Онда шымкенттік ақ халаттылар топ жарып, жеңімпаз атанды. Тарқата жазайық…
Медициналық ұйым өкілдері жедел медициналық жәрдем қызметінің республикалық спартакиадасында біліктіліктерін дәлелдеп, бірінші орынға ие болды. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасының Жедел медициналық көмек қауымдастығымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өткен жедел медициналық жәрдем қызметі бригадаларының спартакиадасы екі күнге созылды. Оған барлық өңірден 18 команда команда қатысып, біліктіліктерімен сынасты. Командалар манекендер мен стандартталған пациенттерді пайдалана отырып, шынайы жағдайға барынша жақын клиникалық станциялардан өтіп, жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсетуде, босануды қабылдауда, суға батқан кезде зардап шегушіні құтқаруда, балалар реанимациясын жүргізуде және жіті коронарлық синдромы бар ер адамды қиын жағдайдан шығаруда өз шеберліктерін көрсетті. Бүкіл кезеңдер медицина саласындағы танымал мамандардан тұратын құзыретті қазылар алқасының жіті назарында және бағалауында болды.
Спартакиада қорытындысы бойынша 159,5 балл жинаған Шымкент қаласының командасы үздік бригада болып танылды. Екінші орынды Астана қаласының командасы (159 балл) иеленді. Жүлделі үшінші орынды 143 балл жинаған Абай облысының қомандасы қанжығасына байлады.