ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ КЛИНИКАЛЫҚ-ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ БОЙ КӨТЕРУДЕ

99
0

Үшінші мегаполисте теңдессіз медицина орталығы ашылмақ. Нақтырағы «Бозарық-2» шағын ауданында 800 орындық университеттік көпбейінді аурухана мен ауысымына 700 адам қабылдайтын клиникалық-диагностикалық орталықтың құрылысы басталды. Ресми ашылуға қала әкімі Мұрат Әйтенов, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік басқармасының басшылары, «САУТС-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов, “China Machinery Engeneering Corporation” директоры Ху Джанху, университет ректорлары, профессорлар, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жоба арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында Шымкент қаласының Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі өңірлік перспективалық жоспарына сәйкес іске асырылуда.

Нысандар жеке инвестор-“Оңтүстік”қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» холдингі есебінен қаржыландырылуда, нәтижесінде қалада жаңадан 2500-нан астам жұмыс орыны ашылмақ. Шараның салтанатты ашылуына қатысқан шаһар басшысы «Президентіміз Жолдауында басымдық бергендей, ел экономикасы мен халықтың денсаулығы арасында тікелей байланыс бар екені белгілі. Экономикалық дамудың әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дені сау ұлт тиімді экономиканы қалыптастырады. Ұлт саулығы өндіріс ресурсы, кез келген қоғамдық жүйенің басты байлығы болып табылады. Осы орайда, қаламызда жаңа заманауи аурухана салу халыққа медициналық көмектің сапасын арттыратындығына, төсек-орын тапшылығын қысқартуды қамтамасыз етіп, қаламыздың тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік беретіндігіне сенімдімін,-дей келе заманауи нысан салуға мұрындық болған «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» холдингінің, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының командасына және жеке С.Сейтжанұлына белсенді азаматтық ұстанымы мен шаһардың денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін алғыс білдірді. Ал «САУТС-Ойл» компаниясының президенті С.Сейітжанов мегаполисті көркейту, дамытуда жолында аянбай еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді. “Шым шаһардың гүлденіп, түрленуіне әрбіріміз үлес қосқанымыз жөн. Өйткені Шымкент — біздің ортақ үйіміз. Ал ұлт саулығы Қазақстан болашағы үшін өте маңызды, дені сау ұлт қана Отанын дамыта алады”-деді ол. Қала әкімдігі тарапынан бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда жобаны іске асыру үшін Бозарық-2 шағын ауданында орналасқан жалпы ауданы 150 га арнайы аурухана құрылысы үшін бөлінген жер учаскесіне қажетті инфрақұрылым жүйелері атап айтқанда, электр, газ, су, кәріз жүйесі, телефония жеткізілді. Алдағы уақытта құрылыс кезеңінде қажетті жолдар мен жол инфрақұрылымының құрылысы қамтамасыз етіледі.