БҮГІНГІ ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚ — ЕРТЕҢГІ ЕЛДІҢ ТІЗГІНҰСТАРЫ

126
0

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жастардың білімі мен білігі, тәжірибесі мен тәлімі елдің болашақтағы даму бағдарын айқындайды. Сондықтан бүгінгі өскелең ұрпақтың қоғамның сан түрлі саласына деген қызығушылығы қашан да маңызды. Жалпы Шымкент қаласы жастарының белсенділігі турасында жиі жазып келеміз. Мәселен, кеше Абай ауданының жастары Мемлекет басшысының  биылғы Жолдауындағы бастамалар туралы ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Алдымен Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов  жастарға қолайлы орта қалыптастыру үшін барлық  жағдайдың  қарастырылғанын айтып өтті.  Әсіресе, түрлі деңгейдегі мемлекеттік бағдарламалардың жастарға үлкен қолдау екені тілге тиек етті. «Мәселен, «Жастар практикасы» бағдарламасын алып қарасақ, енді оқу орнын тәмамдаған жас түлек тәжірибе жинау үшін алғашқы жұмыс орнына жолданады. Өз кәсібіңізді ашып, ерекше жобаларды жүзеге асыруды көздесеңіз, мемлекеттік гранттың мүмкіндігін пайдаланыңыз. Жұмыс істейтін жастарды да пәтермен қамту жолға қойылып отыр. Жуырда Мемлекет басшысы өз Жолдауында 100 мың жасты жұмыспен қамту, кәсіпкерлігін дамытқысы келген жастар үшін 2,5 пайыздық несие берілетінін айтты» деді Мағжан Исахов.

Айта кету керек, Шымкент жастарының ұсыныстары мен бастамалары әрдайым әкімдіктен қолдау тауып келеді. Өткен жылы қаланың бір топ белсенді жастары қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесуінде әр ауданнан орталық ашу ұсынысын жеткізген болатын. Көп ұзамай шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, қаладағы төрт ауданда Жастар ресурстық орталығының филиалдары өз жұмысын бастады. Бүгінде аудандық орталықтарда жастарға мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктері түсіндіріліп, бос уақытты тиімді пайдалануға бағыт беріп отыр.

Аталмыш жиында да түрлі бастамалар мен ұсыныстар ортаға салынды. Оның ішінде  спорт үйірмелерін көбейтуді, ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге арналған спорттық ойындарды ұйымдастыруды қолға алу керектігі айтылды.

Жастардың жарасымды басқосуында  әрбірінің айтқан ой-пікірлері зерделеніп, тыңдалды. Осыған орай, жиын соңында орталық басшысы елді  дамытуға, қаланы  көркейтуге, өз замандастарының  патриоттық сезімін нығайтуға бағытталған жобалардың   ұсыныстардың  әрқашан маңызды екендігін айтты. Сонымен  бірге  жобалар мен ұсыныстарды алдағы күндері бірлесе пысықтап, жүзеге асыруға бірлесе жұмыс істейтіндігін жеткізді.