ШЫМКЕНТ ӨНІМДЕРІ «АГРОТЕХ КАТАР» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНДЕ САТЫЛУДА

49
0
Жергілікті агрокәсіпорын өнімдері Доха қаласында өтіп жатқан «Агротех Катар-2023» халықаралық көрмесіне қойылды. Наурыздың 19-на дейін жалғасатын халықаралық шараға әлемнің 52 елінен делегациялар шақырылған.
Шымкент тауарларына арнайы бөлінген «Ontustik onim» павильонында ет, сүт, ұн өнімдерімен қатар, сусындар, консервілер, көкөністер мен жеміс-жидектер саудалануда. Шетелдіктер әсіресе, бал, джем, сыр өнімдеріне қызығушылық танытып, жаппай сатып алуда. Шымкенттік делегация шет мемлекеттермен әріптестік байланысты нығайту, қаланың экспорттық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында мегаполистің агро саласындағы мүмкіндіктерін таныстыруда.
Жалпы Шымкентте соңғы жылдары кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Қала аумағында бір емес бірнеше индустриалды аймақ бар. Олардың қатары жуырда тағы толыға түспек. Бұдан бөлек, үшінші мегаполисте шетелдерге өнімдерін шығарып, бәсекеде бәсі биік болып отырған кәсіпорындар жетерлік. Олардың өнімдері алыс-жақындағы 15 мемлекеттің сауда сөрелерінен орын алып үлгерген. Өткен жылы үшінші мегаполистегі 60 кәсіпорын 573 миллион АҚШ долларының өнімін шетелге сатқан. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында жариялаған жолдауында кәсіпкерлік саланың әлеуетін арттыруды тапсырған болатын. Осының негізінде, яғни, маңызды құжатта айтылған міндеттерді орындау мақсатында экспорт география 25 елге дейін, ал өнім көлемі 1,5 есе артады. Мұндай экономикалық өсім халықтың табысының артуы мен әл-ауқаттының жақсаруына әсер ететіні сөзсіз. Бүгінде қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің 40 пайызын – кәсіпкерлік, 23 пайызын – өнеркәсіп, 25 пайызын – сауда мен қызмет көрсету және 4 пайызын құрылыс саласы құрайды. Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауарлардың 23,1 пайызы Шымкентте жасалады. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғая түсуде. Мегаполисте, әсіресе, тоқыма бұйымдары кең өріс алған. Нақтысын айтсақ, республикада өндірілетін мақта-мата өнімдерінің 98 пайызы, шұлықтың 68 пайызы, ал кілемнің 100 пайызы Шымкенттен шығады.