ӨРТКЕ ҚАРСЫ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕСІ БАҚЫЛАУДА

105
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссия отырысында өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесінің жай-күйін бақылауға алуды тапсырған болатын.
Осыған сәйкес «Су ресурстары маркетингі» ЖШС мен Су құбыры және канализация басқармасы көшелерде жарамсыз өрт гидранттарын қалпына келтіруді бастады. Айта кетейік, шаһар басшысы өз тапсырмасында қызыл жалынды сөндіруде өрт сөндірушілер және арнайы техникамен бірге су гидранттары да аса қажет деп ескертіп өткен.
Өрт сөндіру гидранттары — қалалық су жүйесінен арнайы орындар бөлініп, өрт сөндіру көліктері жалғанатын бұрандалар. Былайғы кезде жабулы тұрып, сол маңда өрт шыққан жағдайда арнайы техника қосылып, су алады. Сондықтан, төтенше жағдай кезінде гидранттар әрдайым дайын тұруы тиіс. Тапсырманың орындалуы бойынша ТЖ департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының ұйымдастыруымен жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиын барысында қала әкімдігі тарапынан 2013 жылы орнатылған 23 өртке қарсы пирстердің қазіргі ахуалы талқыланып, кемшіліктерді жою бойынша шешім қабылданды және олардың жарамдылығы қатаң тексеріліп, жауапты мекемелерге ұсыныстар жолданды. Жалпы Шымкент қаласының аумағында барлығы 4 913 өрт гидранттары есепке алынды. Оның ішінде көшелерде 4 011, объект аумағында 902 өрт гидранттары орналасқан. Барлығы бақылауда.
Айта кету керек, Шымкент қаласында болып жатқан барлық төтенше жағдайлардың 86%-ы өрттің салдарынан болған. Қауіп жылыту кезеңі қарсаңында күрделене түсуде. Бұл туралы қалалық ТЖД бастығы, полковник М.Жаксибаев шаһар басшысы М.Әйтеновтың алдында есеп беру кезінде мәлімдеді. Мадияр Есенгелдіұлының айтуынша, соңғы 8 айда 131 өрт тіркеліп, 1 адам қаза тапса, 2 адам жарақат алған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 13%-ға өскенін көрсетеді. Анықталғандай, статистикалық мәліметтер негізінде мұндай немқұрайдылықтың негізгі себептері қала азаматтырының қоқысты жинап жағу, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастау, балдардың отпен ойнауы, шыны ыдыстарды құрғақ шөпке тастап кету болып табылды.