ШЫМКЕНТ: МЕДИЦИНА САЛАСЫН РЕФОРМАЛАУ АЯСЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

282
0
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда денсаулық сақтау саласын реформалау бойынша бірқатар тапсырмалар берді. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
Осыған орай, Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасы төңірегінде өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар бойынша брифинг берді. «Нақтырақ айтатын болсам, сегіз өңірде перенеталдық орталық салу көзделіп отыр. Соның бірі – осы Шымкент қаласында салынады. Бұл қуантарлық жағдай. Өйткені біздің қала халқының 40%-нан астамы ұл балалар. Одан бөлек балалардың тууы көп. Былтырғы жылы 34 000-нан аса бала туылған. Биылғы жылы да 6 айдың ішінде 15 625 бала туылды. Қазіргі таңда бір перенеталдық орталық, үш перзентқана жұмыс істеп тұр. Одан бөлек 315 төсектік балалар ауруханасы бар. Қала тұрғындарына бүгінде 44 емхана қызмет көрсетуде. Оның ішінде он үші мемлекеттік, ал отыз бірі жекеменшік. Жергілікті бюджет арқылы екі мекемемізде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалада шалғай елді мекендер көп. Осы ретте, алдағы уақытта 2025 жылға дейін 6 емхана салу көзделіп отыр. Медицина саласының сапасын көтеру үшін маман білікті болуы қажет. Биыл 2 932 маман біліктілігін арттырды», — деді Нұрлыбек Абибуллаұлы.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Тоғыс елді мекенінде 15 000-нан астам халыққа қызмет көрсететін «Togus-med медицина орталығы» жеке инвестиция есебінен ашылуда. Нәтижесінде Тоғыз, Елтай, Жыланбузған, Маятас және Айнатас елді мекендері медициналық қызметпен толықтай қамтылмақ. Орталықтың бір ауысымдағы сиымдылығы — 200 адам. Мұнда бастапқы әлеуметтік-медициналық көмекпен бірге ЖТД, педиатрия, акушер-гинекология, хирургия, травматология, кардиология, эндокринология, онкология, урология, гастроэнтерология, ЛОР, офтальмология, стоматология, ревматология, профпатология, неврология, дерматовенерология және рентген, флюрография, УЗИ, ЭКГ, ЭЭГ, холтер, спирография, лаборотория сынды диагностикалық қызметтер, медициналық реабилитация және физиотерапия, емдік физкультура, массаж, сонымен бірге күндізгі стационар болады.