ШЫМКЕНТТІК КӘСІПКЕРЛЕР ӨЗ ӨНІМДЕРІН ПАШ ЕТТІ

91
0
Шымкент қаласындағы «Көрме» көрме орталығында 2022 жылдың 26-30 қыркүйегінде жергілікті тауар өндірушілердің «ШЫМКЕНТ ӨНІМДЕРІ» көрмесі өтуде, деп хабарлайды uakit.kz.
Көрмеде фармацевтикалық, химиялық, машина жасау, тамақ, жеңіл, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен агро-өнеркәсіп кешенінің 80-нен астам кәсіпорны өз өнімдерін ұсынды.
Олардың арасында кондитерлік өнімдерді өндіретін «Рахат-Шымкент» фабрикасы, алкогольсіз сусындар зауыты «ВИЗиТ», «Мадина» және «Корона» маркалы макарон өнімдері шығаратын «Барыс 2007», кілемдер және кілем бұйымдары өндіретін «Бал Текстиль», киім және шұлық тоқыма өндірістері «Шымкент-Кашемир», «Әлем-БТ», «Эластик LTD», сондай-ақ «КазИталКожа» өндірісі де былғарыдан өз бұйымдарын көрсетті.  Сонымен қатар «Asia Trafo» мекемесі трансформаторларын ала келсе, «Medcomfort» медициналық жиһаздарын ұсынса, «Mega SMART» компаниясы офистік және үйге арналған жиһаз өнімдерін ала келген. Ал «Karlskrona LC AB» батырылатын сорғылар және ысырмаларын көрсетті. «Шымкентцемент» және «Стандартцемент» цемент өнімдерін әкелсе, «Зерде Керамика» керамикалық плиталарын ұсынды. Медицина саласына өз үлесін қосып келе жатқан «ЭкоФарм Интернейшнл» компаниясы вакуумдық түтіктері мен қан алуға арналған екі жақты инелер және ине ұстағыштарын көрме қонақтарына паш етті.
Көрменің басты мақсаты – жергілікті тауар өндірушілердің жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдерімен кеңінен танысу, жаңа серіктестер іздеу және өзара тиімді келісімдер жасасу. Көрме отандық өндірушілерді насихаттауға бағытталған, жаңа технологияларды енгізуге және импортты алмастыратын өнімдердің ассортиментін арттыруға ынталандыру болып табылады.
Іскерлік байланыстарды орнату үшін әлеуетті тұтынушылар: республиканың өңірлерінің кәсіпкерлері, мердігер компаниялары мен әртүрлі саладағы жобалық ұйымдар, қонақ үй және мейрамхана бизнесінің өкілдері, сауда және дистрибьюторлық компаниялары, жергілікті атқарушы органдар және олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары шақырылды.
Көрменің барысында әлеуетті тұтынушылар Шымкент қаласының өнеркәсіп әлеуетімен таныса алады.