«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

116
0
Енді «Бақытты отбасы» бағдарламасының қатысушылары таза әрлеудегі әкімдіктің тапсырысымен салынған үйлерді алады. Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 жайлылық класына сәйкес келетін және пәтердің ең үлкен ауданы 80 шаршы метрге дейін қарастырылған.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша Бақытты отбасы» бағдарламасы қатысушыларының негізгі тізімдегі азаматтар арасында Тұран 2 шағын ауданындағы 168 пәтер және Нұрсәт шағын аудандарында орналасқан 162 пәтер бойынша конкурстар «Отбасы банк» арқылы жүргізілуде.
Сондай ақ 2023 жылдан бастап жалпы «Бақытты отбасы» бағдарламасына тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар сонымен қатар 1 және 2 топ мүгедектері, мүгедек бала асыраушы отбасы санатындағы азаматтар аталған тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бастапқы жарна -10%, банктің жылдық мөлшерлемесі – 2% -ды құрайды. Ипотекалық несиелендіру 20 жылға рәсімделеді. Толық емес отбасылар санатындағы азаматтар енді бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Жалпы биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасына жалпы саны 432 лимит бөлінген болатын. 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегіндегі халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 365 отбасы несиелік баспанамен қамтылған.
Айта кету керек, бағдарлама аясында жергілікті әкімдік арқылы салынған кредиттік тұрғын үйді, жаңа және қолданыстағы пәтерлерді, сондай-ақ жер үй де сатып алуға болады. Нұр-Сұлтан, Алматы және қала маңы аудандарында, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында несиенің ең жоғарғы сомасы – 15 млн теңге. Ал қалған өңірлерде ең көбі 10 млн теңге кредит рәсімдеуге болады. Өтініш беруші өзі баспана кезегінде тұрған өңірден ғана үй сатып ала алады.