ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

99
0

Шымкент қаласының орталығы саналатын Әл-Фараби ауданында жол құрлысы қарқынды жүргізілуде. Биыл 16,9 шақырымды құрайтын 30 көше орташа жөндеуден өткізілсе, 12,9 шақырымдық 33 көшеге шағал тас төселуде. Қазіргі таңда жұмыстың 80%-ға жуығы орындалды.

Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кезекті есепті кездесуін өткізген шаһар басшысы Мұрат Әйтенов бұдан да басқа атқарылған істерге тоқталып өтті. «Ауданда жалпы саны 404 көше бар. Биылға 30 көшені пайдалануға беруді жоспарлағанбыз. 2023-2024 жылдар аралығында 19,6 шақырымды құрайтын 48 көше асфальтталатын болады»,-деді қала басшысы. Сондай-ақ, аудан бойынша жол саласының күрделі және орташа жөндеу жұмыстары алдағы 2 жылда 100% аяқталатынын жеткізді. Жалпы Әл-Фараби ауданында былтыр 362 шақырымды құрайтын 5 көше орташа жөндеуден өткізілсе, 13 көшеге шағал тас төселді.

Айта кету керек, биыл Әл-Фараби ауданы бойынша 59 жоба халық қатысатын бюджет аясында шешімін тапқан. Атап айтқанда 50 балалар алаңшасы және 9 ашық спорт алаңшасы ел игілігіне берілді. Осы және өзге де шешімін тапқан мәселелерді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті халықпен кезекті есепті кездесуі кезінде мәлімдеді. «Былтыр 27 ауланы абаттандырдық, соның 14-ін халық қатысатын бюджетпен жүзеге асырдық. Биыл да құрылыс қарқыны жоғары. Мұның барлығы тұрғындардың атсалысумын атқарылуда»,-деді шаһар басшысы. Жоспарға сай бұл межені 100%-ға жеткізу үшін келесі жылы тағы 32 балалар алаңшасы мен 7 спорт алаңшасының құрылысы жүргізілетін болады. Жалпы Шымкентте «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында, тұрғындар ұсынысымен өткен жылы 41 көпқабатты үй ауласы абаттандырылып, ойын алаңшалары құрылды. Биыл ІІ кезеңмен 73 көпқабатты және жеке сектор бойынша 6 мекенжай абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы тұрғызылуда. Жобаға енген «Базарқақпа» тұрғын алабы, Ю.Сареми көшесінде орналасқан 7 көпқабатты үйдің ауласындағы жұмыстар барысымен танысуға М.Әйтенов арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Абаттандыру жұмыстарымен қоса балалар ойын және тренажер алаңшасы салынатын аула жұмыстары қараша айының соңына дейін толық аяқталатын болады. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасының үлесі жыл сайын артып келеді.