ЖАСТАР — КЕЛЕШЕГІМІЗДІҢ БАСТЫ КЕПІЛІ

101
0

Жастар – еліміздің ертеңі, келешегіміздің кепілі. Олардың мақсаты мен арманы елімізді алға сүйрейді. Сондықтан жастардың пікірі мен ұстанымы, танымы мен түсінігі қашан да мемлекет үшін айрықша маңызды. Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауы әуелгілерден болып өскелең ұрпаққа жіті түсіндірілуі керек. Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде маңызды құжатта айтылған басым бағыттарды түсіндіруді көздейтін шаралар ұйымдастырылуда.

Мәселен, жуырда Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің белсенді жастарымен кездесті. «Global coffee» ғимаратында өткен кездесуде жастармен бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында жастар саясатын іске асыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Кездесу барысында жастар көкейіндегі көптеген ұсыныстар мен пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, белсенді жастарымен саяхат жасау, студенттерімен бірлесе отырып іс-шаралар ұйымдастыру, спорттық жарыстар өткізу,ұлттық спортты дамыту (атқа міну) сынды ұсыныстар айтылды.

Орталық басшысы Мағжан Исахов өз тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар жастар қоғамның идеалына айналатынын айта отырып, жастарды өз елінің патриоты, идеал тұлғасы болуға шақырды. «Қазіргі таңда қоғамның қозғаушы күші саналатын жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жастар арасындағы негізгі мәселе болып табылатын жұмыспен қамту, отбасы құндылығы секілді бағыттарда жұмыстар іске асырылуда. Сондықтан, жас буын мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың барын сезінуі керек» – деп қорытындылады ол өз сөзін.