СПОРТТЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАН-ЖАҚТЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Шымкентте спорттық инфрақұрылым жан-жақты дамып келеді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені баршаға белгілі. Қазіргі уақытта қала бойынша спорттық нысандардың саны 933-ке жетіп отыр.
Биылға жылы бюджет есебінен қаламызда 3 спорт нысанының және жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Солардың бірі Шымкент қаласындағы «Металлург» стадионы. Бүгінде Абай ауданында орналасқан «Металлург» стадионын қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. 1980 жылы пайдалануға берілген спорт кешенінің тозығы жеткен болатын.
Бүгінде нысан мемлекет қарамағына өткен, құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған, 2023 жылға өтпелі нысан болып табылады. Қазіргі уақытта, спортшылар үйінің құрылысы 100 % аяқталды. Ал ойын түрлеріне арналған үлкен спорт залдың қаңқасы яғни конструкциясы тұрғызылып, қабырғаларын қалау жұмыстары жүргізілуде. Әкімшілік ғимараттың құрылыс жұмыстары 90 %-ға орындалса, ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Ал 1504 орынға арналған көрермендер трубинасының құрылыс жұмыстары 80 пайызға, яғни әрлеу, шатырын жабу, орындықтарды орнату жұмыстары орындалған. Сонымен қатар футбол алаңының жер жұмыстары 70 пайызға, ал жылу жүйесін тарту жұмыстары 50 пайызға орындалып отыр.
Спорт кешенінің негізі өткен ғасырдың 70 жылдары қолданысқа берілген. Осы уақытқа дейін завод қарамағында болған кешенді 2017 жылы жергілікті билік жауапкершілігіне алған еді. Жоба құны – 3 019 840,6 мың теңге, бас мердігер «Югстройсервис-Н» ЖШС.
Еске сала кетейік, Жалпы Шымкент қаласында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 402 544 адамды құрайды. Бұл дегеніміз салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындарының жалпы санының 36,2 пайызын құрап отыр.